Әйгілі чемпион Ержан Сәлімгереев жеке өміріндегі көпшілік біле бермейтін құпияны айтып берді

Бала күнінде аяқ-қолынан айырылғанына қарамастан, ерік-жігерінің арқасында әлемді мойындатқан параспортшы Ержан Сәлімгереевтің жүріп өткен жолы өз алдына үлкен мектеп.

Паражүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, суда жүзуден Қазақстан чемпионы, әлем кубогінің бірнеше дүркін иегері, екі дүркін Азия Пара ойындарының жеңімпазы бізге көпшілік біле бермейтін жайттар туралы әңгімелеп берді.

– Ержан, әңгімеміздің әлқиссасын бала күніңізден бастасақ... 

–  Нені меңзеп отырғаныңызды түсін­дім. Мен дені сау бала болып өмірге кел­дім. Ортаншы баламын. Ағам мен інім бар. Ата-анамды, бауырларымды жа­нымдай жақсы көремін. 

Аяқ-қолымнан тоғыз жасымда айы­рылып қалдым. Балалық қой. Уақыты­мыздың көп бөлігін ойынмен өткізетінбіз. Сондай күндердің бірінде жасырынбақ ойнап жүріп, трансформаторға тығылдым. Жанымда достарым болды. Арада жиырма минуттай уақыт өткеннен кейін басқа балалар шығып кетті. Бала күнімнен не істесем де, жан-тәніммен беріліп, соңына дейін жеткізуге тырысамын. Жасырынбақ ойнап жүргенімде «мені ешкім таппауы керек» деген ой болды. Осы оймен транс­форматордың түбіне қарай жасырынам деп жүріп, аяғым токқа тиіп кетті. Сол кездегі жағдай әлі күнге дейін күні кешегідей есімде. Аяқтан кірген ток, бүкіл денемді алып кетті. Ондай жағдайды ешкімнің басына бермесін деймін. Сол жағдайдан кейін маған шұғыл түрде үш рет ота жа­салды. 

Осы жерде мына мәселені айтқым келеді. Біреулер «оқыс жағдай болмағанда, Ержан бүгінгідей жетістікке жетпес пе еді?» деп жатады. Мен олай деп ойламай­мын. Себебі бала күнімнен спортты саналы түрде таңдаған адаммын. Токқа түспес бұрын мектеп жанынан жұмыс істеп жатқан дзюдо секциясына барып жүрген болатынмын. Сол кезде дзюдоға керек кимоном болмаған еді. Жаттықтырушым «кимоно әкел» деп айтатын. Қызығы, үй­дегілерге спортпен шұғылданып жүр­генімді айтпадым.

–  Десе де, шауып жүрген ойын баласына да бір мезетте мұндай күйге түсу оңай емес қой. Күйзелістен қалай шықтыңыз? Бүгінгі Ержанның қалыптасуына кімдер себепші болды?

–  Өзім табиғатымнан бірбеткей, тік мінезді адаммын. Сондықтан да болар, жалған сөйлегенді жаным сүймейді. Ақи­қатын айтайын, аяқ-қолымнан айырыл­ғаннан кейін, үйдегілер маған ерекше қараған жоқ. Өзімді жинақтап, бүгінгідей жетістіктерге жетуіме отбасымның мені толыққанды адам сияқты қабылдағаны ықпал етті деп ойлаймын. Әйтпесе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда мүсіркей қараудың соңы қалай боларын білесіздер. Мен өзімді ерекшелемеймін. Басымдағы жағдайды өзіме берілген сынақ деп қабылдаймын. Менің міндетім – сынаққа сынбай, рухымды биік ұстау және адамгершіліктен аттамау.

–  Десе де, ерекшелеп тұрып айтқыңыз келетін адамдар бар шығар?

–  Ата-анама, бауырларыма алғыс айтамын. Маған сенім артқан бүгінгідей жетістіктеріме себепкер болған Құрман­ғали Тасмағамбетовке, оның ұлы Ілияс Құр­манғалиұлына, бапкерім Нұрлан Омар­ұлына алғыс айтамын. Түсінгенім, өмірде шектеу жоқ. Шектеудің бәрі біздің миымызда, санамызда екен. 

–  Қазір ТМД деңгейінде суға жүзуден өзіңізге теңесетін спортшы жоқ деуге бо­лады. Бізге сіздің осы салаға қалай келгеніңіз қызық болып отыр...

–  Бала күнімнен Жайықтың жағасында өстім. Сондықтан жүзу спортына кез­дейсоқ келмедім. Қазір айтсам, сенбейтін шығарсыздар. Бірақ жүзумен айналысып жүргенімді де алғашында отбасым білген жоқ. Шешім қабылдасам, нәтиже шыға­руға тырысатын қасиетім бар. Кейін ол кісілер жетістіктерімді естіп қуанды. 2015 жылы республикалық спартакиада ойын­дарында суға жүзуден алғаш рет алтын медаль жеңіп алдым. 2016 жылы Қазақстан чем­пионатына қатыстым. Үш түрлі қа­шық­тықта 3 алтын медаль еншілеп, Қазақ­стан рекордын үш мәрте жаңарттым. Сөй­тіп, суға жүзуден Қазақстан ұлттық па­ралимпиада құрамасының мүшесі атан­дым. Азия ойындарында екі мәрте алтын жеңіп алдым. 

Айтуға оңай болғанымен, әр медальдың артында жанкешті еңбек жатыр. Сол үшін де мақсат қойдым, көп іздендім, жат­тық­тым. Өзімнің суда жүзу техникамды қа­лып­тастыруға тура келді. Бапкеріммен ақыл­даса жүріп, мұны да жетілдіре алдық. Қазір мені атыраулық Нұрлан Жұмағазиев жаттықтырады.

– Спорттан басқа қандай хоббиіңіз бар?

–  Жанымда жүрген достарым бос уақытымда әжептәуір ән айтатынымды біледі. Тіпті, бір кездері Ақылбек Жеменей продюсерлік етуге ұсыныс тастады. Қазақ­та «Жігітке жеті өнер де аз» деген керемет сөз бар. Сондықтан адам бір орын­да оты­рып қалмауы керек. Үздіксіз даму, іздену жаңа жетістіктерге жеткізетініне сенемін.

–  Әлгінде адам бір орында тоқтап қал­мауы керек дедіңіз. Ал сіздің қандай мақ­сатыңыз бар? Көпшілікті тағы қандай жетістіктеріңізбен қуантасыз? 

–  Мақсат көп. Алда келе жатқан па­ралимпиада ойындарына қатысып, чем­пион атанғым келеді. Жақында Ақтөбеде өтетін Қазақстан Республикасының спартакиадасына аттанғалы отырмын. Спорттан бөлек, шығармашылыққа да бет бұру жоспарда бар. Өзімнің өмірім туралы кітап жазып шыққым келеді. Кітап желісі­мен фильм түсіру жоспарымда бар. Ондағы мақсатым атымды шығару емес. Өзімнің жүріп өткен жолымды жас буынға үлгі еткім келеді. Әйтпесе, сәл ғана сәтсіздіктен кейін өзін-өзі тастап жіберіп, күйзеліске түсіп кетіп жатқан бауыр­ларымыз жетіп артылады.

Атырауда параспортқа арналған база­лық спорт кешенін салғым келеді. Жақын­да Атырау облысы әкімі орынбасарының қабылдауында болдым. Жер бөліп, инвестор тарту мәселесін пысықтадық. Олимпиада ойындарында Атыраудың параспортшыларының талай мәрте жүл­делі оралып жатқанын ескерсек, өңірге заманауи үлгіде салынған параспорт кешені керек-ақ. 

–  Сізді азамат ретінде бүгінгі қоғамдағы қандай өзекті мәселе толғандырады? 

–  Қазір қоғамда ажырасу көбейіп кетті. Кейде жігіттер жағы ойланып алмай отбасын құра ма деп те қаламын. Шын мәнінде, отбасы – адамға берілген ең үлкен сый әрі аманат. Сондықтан қазақ жігіттерін рухани білім алуға шақырар едім. Адамгершілік, имандылық, ізеттілік сияқты рухани құндылықтар отбасын берік ете түседі. Сол себептен де адамгер­шіліктен ажырамай, отбасы, қоғам алын­дағы жауапкершілікті сезініп жүретін болсақ, рухани қуатты қоғам құра аламыз. 

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 

Атырау облысы