Атырау облысында екі күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 37 жастағы малшыны іздестіріп жатыр.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, ер адамның жоғалғаны туралы 24 мамырда сағат 15.12-де хабарланған.
«Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17.00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Бақташының қай бағытқа кеткені белгісіз. Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған. Құтқарушылар қатарында Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де бар.