Жас мамандар үшін "Ашық есік" күні өтті

Биыл Қызылорда қаласы бойынша 11 624 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі күні 5 948 жұмыс орны ашылған.

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы білім беру ұйымдарын  бітіргелі жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту  және  жеке кәсібін ашу үшін «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Бұл жас мамандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен  мүмкіндіктер  жайлы ақпараттар беруге негізделді.

Ақпараттық шарада партия филиалы мен тиісті орындар тарапынан жас мамандарды еңбекке баулу,  кәсіппен айналысуына мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер жайлы кеңінен мәлімет берілді.

Негізінен биыл Қызылорда қаласы бойынша 11 624 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі күні 5948 жұмыс орны ашылған. Оларға «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы 232 жас тұрақты жұмысқа орналасып отыр. Мұнан бөлек жыл көлемінде ұйымдастырылған 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 27 жас тұрақты жұмыспен қамтылған.

«АМАNАТ» партиясының халықтың сұранысы негізінде 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасында айқындалған басым бағыттардың бірі жастарға жан-жақты жағдай жасау. Яғни олардың жұмыспен қамтылуына, өмір сүру жағдайын жақсартуына басымдықтар беру көзделген. Соның негізінде оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, жұмысқа орналасуына ықпал ету және мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді», – деді партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары А.Жарылқасынов.

Шара барысында «Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің бөлім басшысы А. Самыратов сөз алып, жастарды жұмыспен қамту аясында жүргізіліп отырған жұмыстар бойынша  кеңінен ақпарат беріп өтті.

«Жыл басынан жастар практикасын бойынша 232 мекемемен келісімшарт жасалып, 358 жас маман жұмыс жасап жатыр. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы 165 азамат жұмысқа жолданды, оның 50 жастар санатына кіретін азаматтар. Қоғамдық жұмыс орындарында уақытша 569 жас жұмыс жасауда. Алғашқы жұмыс орны бойынша 29 жас жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді бөлім басшысы.

«Ашық есік» шарасына жоғарғы, арнаулы орта, кәсіптік оқу орындарын тәмамдаған жастар қатысып, сала мамандарының таныстырған хабарламаларына сәйкес сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы