Құрылғы газ жарылысының алдын алу, адам өмірін тілсіз жаудан сақтандыруға көмектеседі.
Уақытының басым бөлігін қатарластарындай ойынға немесе әлеуметтік желіге арнамай, өзін-өзі дамытуға, жетілдіруге күш салатын Қазыбек бұл құрылғыны екі жылда құрастырып шығыпты.
«Қазіргі қолданыстағы құрылғылардың көпшілігі өрт болып, ғимарат жанып жатқан кезде дабыл қағады. Егер сол ғимаратқа орнатылған құрылғының тұсына газ баллонын ашып, апарып қоятын болсаңыз, құрылғы қауіпті сезбейді. Яғни, сол сәтте адамдар уланып жатуы мүмкін. Бірақ құрылғы адамдарды қауіптен сақтандыра алмайды. Менің құрастырған құрылғым газдың да, өрттің де жайылу қаупін сезеді», – дейді жас өнертапқыш ғалым Қазыбек Қыдырбай.
Жас ғалымның айтуынша, бұл құрылғыны ғимараттарға да, үйлерге де орнатуға да болады. Қазыбек ұсынып отырған құрылғы көп функционалдылығымен әрі экономикалық жағынан тиімділігімен ерекшеленеді.
«Ойын-сауық кешені, дәмхана сияқты көпшілік адамдар шоғырланатын жерлерде адамдар әжетханаларда темекі шегіп, тұқылын лақтырып кетіп жатады. Тұқылдағы от толық сөнбеген жағдайда өрт шығу қаупі туындайды. Осындай жағдайда да менің құрылғым дабыл қағады. Яғни, сол арқылы өрттің алдын алуға болады», – дейді жас өнертапқыш Қазыбек Қыдырбай.
Қазыбектің айтуынша, қазір ғимараттар қолданып отырған мұндай құрылғының біреуін орнату үшін кемінде 300 мың теңге жұмсау керек. «Менің құрылғымды құрастыру үшін материалына кететін шығын 4 000 теңгені құрайды. Одан бөлек, құрылғым температура мен ылғалдылық мөлшерін көрсете алады. Яғни, үйге арналған метеостанса ретінде де жұмыс істейді», – дейді жас ғалым.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, құрылғының жұмысын қашықтан да бақылауға болады. Ол үшін өнертапқыш Қазыбек Қыдырбай ойлап тапқан арнайы мобильді қосымшаны жүктеп алуыңыз керек.
«Қосымшаға құрылғының ІР адресін жазасыз. Әрі қарай қосымша құрылғының жұмысын көрсетіп отырады. Газ кету, өрт шығу сияқты қауіп болған жағдайда құрылғыда дабыл белгісі ойнайды. Дабыл белгісі мобильді қосымша да көрсетеді. Осылайша, сіз мейлі жұмыста, мейлі басқа қала, тіпті, шетелде жүрсеңіз де үйіңіздің қауіпсіздігін қадағалай аласыз», – дейді Қазыбек.
Жас талант құрастырған қосымша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді. Бұл жағынан алғанда, құрылғыны Қазақстанда ғана емес, ТМД, шетелдерде де кедергісіз қолдануға болады.
Қазір Қазыбек жобасының авторлық құқығын алып, патенттеген екен.
«Әрине, әлі де жетілдіретін тұстары бар. Жоба толыққанды дайын болғаннан кейін оны компанияларға ұсынатын ойым бар», – дейді Қазыбек.
Қазыбектің ғылыми жетекшісі Асқар Алданның айтуынша, газдан сақтандыру жүйесі жобасын қолданысқа енгізу мүмкіндігі жоғары.
«Бұл – бизнеске бағытталған жоба. Алға қарай қауіпсіздік құрылғысымен қамтамасыз ететін арнайы өндірістік цех желісін де іске қосуға болады. Бұл құрылғыны компаниялар ғана емес, қарапайым азаматтар үй-жайының қауіпсіздігі үшін де қолдана алады.
Қазыбек екі жылға жуық уақыт ішінде өзінің авторлық жобасын жасап шығарды. Және бұл жоба экономикалық тұрғыда тиімді. Әрине, жобаны өндірістік бағытқа енгізу үшін әрі қарай жетілдіру керек. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Асқар Алдан.
Балаларды ғылымға бағыттап, робототехника саласында дамытып жүрген мамандар Қазақстанда білім мен өндіріс арасын жақындату мәселесі өзекті бола түскенін айтады.
Сарапшылар бізде ғылым өз бағытымен, өндіріс өз бағытымен кетіп бара жатқанын айтады. Олардың айтуынша, елімізде керемет өнертапқыштар жеткілікті. Бірақ көп жағдайда олардың жаңалықтары жоба түрінде қалып қояды екен. Өндіріс орындары шетелдік технологияларды сатып алғанды қолайлы көреді. Демек, ғылымды дамыту үшін өндіріс орындары мен білім орталықтары арасында байланыс орнағаны керек.
Жыл басынан бері бір ғана Атырау облысында 70-тен астам өрт болған. Өңірде газ қазандығының жарылуынан бір адам көз жұмды. Статистикалық деректер Қазақстанда газ қазандығы жарылысының жылына кемінде 10 адамның өмірін жалмап отырғанын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жас талант Қазыбек Қыдырбай құрастырған құрылғыны өндіру, қолданысқа енгізу мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілгені керек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы