Сондай-ақ өңірге инвестиция тарту, баламалы электр көздерін өндіру сияқты ірі жобалар да облыс экономикасының дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2 трлн 749 млрд теңгені, ал биылғы қаңтар-сәуір айларының нәтижесімен экономикалық өсім 103 пайызды құраған. Өз кезегінде 2023 жылға арналған облыс бюджеті кірістері жоспар бойынша 615,7 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Осылайша, жамбылдықтар кіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға, яғни 58 млрд теңгеге артық орындауды көздеп отыр. Бұдан бөлек, өзіндік кірістер бойынша жоспар 129,7 млрд теңге сомасында бекітілген.
Өңірдегі өндірімді тірліктің нәтижесінде аймаққа республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де артып келеді. Мысалға, биыл Жамбыл облысына мемлекеттік қазынадан 485,9 млрд теңге қарастырылған. Тиісінше, бюджет шығындары 607,9 млрд теңгені, даму бюджеті 102,7 млрд теңгеге жетіп, облыстың өзекті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Бір ғана әлеуметтік салаға 400,4 млрд теңге бөлініп, бұл сома жалпы шығындардың 66 пайызын құрайды. Демек, бұл жылы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар көптеп жүргізіледі деген сөз.
Жекелей тоқталар болсақ, биыл облыстың білім саласына 317,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл облыс бюджетінің жартысынан астам бөлігіне жететінін де айта кету керек. Осылайша, болашақ ұрпақтың ілім-білімге қанығып өсуіне баса назар аударып отырған облыс басшылығы былтыр 44 мыңға жуық педагогтердің жалақысын 2 есеге өсіріп, салада сан емес, сапаның басымдық алуына жол ашуда. Сондай-ақ көпбалалы және аз камтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтамасыз етуге де қыруар қаржы бөлініп отыр.
Бұдан бөлек, 17 білім беру нысанында 4,4 млрд теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 25 жаңа білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың 14-і биыл пайдалануға берілмек.
Әлеуметтік сала жайлы әңгіме қозғағанда денсаулық сақтау саласын айналып өте алмайтынымыз белгілі. Жамбыл өңірінде бұл бағыттың бағдары баянды болуы үшін де бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде облыс медицинасына 13,5 млрд теңге жұмсау жоспарланып, оның аясында 1,7 млрд теңгеге 10 нысанның құрылысы жүргізіліп, 1,5 млрд теңгеге 10 ғимарат күрделі жөндеуден өтпек. Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Нұржан Календеров аталған қаражат аймақтағы денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтады.
– Аталған жұмыстар шеңберінде халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда орталық ауруханалар құрылысы мен 3 ауданда көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде.
Ал саланы қажетті жабдықтармен жарақтандыруға бөлінген қаржы көлемі – 3,8 млрд теңге. Сонымен қатар медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 10 аудандық ауруханаларға 20 дана реанимобиль алуға 390 млн теңге, 20 дана санитарлық автокөлік алуға 261,2 млн теңге қарастырылған.
Жамбылдықтарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар да жоспарлы, жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын табуы үшін бюджеттен 13,5 млрд теңге бөлініп отыр. Атап айтқанда, жалақыны ішінара субсидиялауға 262,6 млн теңге, қысқамерзімді кәсіби оқытуға 201 млн теңге, жастар практикасына
3 780,6 млн теңге, «Күміс жас» жобасына 479,4 млн теңге, ақылы қоғамдық жұмыстарға 6 828,5 млн теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 712,9 млн теңге және «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз гранттар беруге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Нәтижесінде, 54,2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сол секілді мүгедектігі бар азаматтарға өмір сүру сапасын арттыруға 1,7 млрд теңге бөлінді, – дейді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Тараз қаласында 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы, әлеуметтік бейімдеу орталығы және Шу ауданында балаларды оңалту орталығы пайдалануға беріліп, 7 әлеуметтік қорғау нысанына жөндеу жүргізілмек.
Жалпы алғанда, жаңа нысандар салынып, кезегі келгендері күрделі жөндеуден өтіп жатқан тек бұл сала ғана емес. Өйткені биылғы жоспар бойынша спорт саласында 23 нысанның құрылысы басталып, оның 16-сы биыл пайдалануға берілмек. Бұл халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесін 42 пайызға жеткізуге жол ашады.
Сонымен қатар мәдениет саласында 14 нысанның құрылысы басталып, 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының ең ауқымдысы тұрғын үй салу ісінде екені белгілі. Бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жобалар саны өте көп. Өйткені бүгінде жамбылдықтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 13,2 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 2 564 пәтерлі 45 үйі пайдалануға берілмек. Сонымен қатар ағымдағы жылы 3,3 млрд теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді деген жоспар бар.
– Тұрғын үй құрылысымен қатар, Әулиеатада инфрақұрылымдық жүйелерді жаңарту, жаңадан құрылысын жүргізуге де көп көңіл бөлініп келеді. Осының нәтижесінде 2023 жылға 54 жобаны іске асыру үшін 13,6 млрд теңге бөлініп, 32 елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Ал газбен жабдықтау бойынша 16 жобаның құрылысына 11,8 млрд теңге жоспарланып, биыл 18 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Сол секілді автомобиль жолдарының сапасын арттыруға 24,7 млрд теңге бөлініп, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 98 пайызға жеткізілмек.
Бұл бағыттағы жұмыстарға өңірімізде 2019 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасы да үлесін қосуда. Өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсеткен жарқын жоба басталғалы 18,3 млрд теңге несие бөлініп, 24 ауылдық округтегі 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін ашты. Ал биылға қосымша 24 млрд теңге бөлініп отыр.
Оған қосымша 26 ауылдық округтегі 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек, осы жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 млрд теңге бөлініп, 183 жоба іске асырылуда, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұл қатарға «Ауыл – ел бесігі» жобасын да қосуға болады. Оның аясында биыл 94 елді мекенде 275 жобаны іске асыруға 15,3 млрд теңге бөлінген. Жалпы қаралған қаржыға 6 мектепке жапсарлас ғимараттың, 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, 15 мәдениет үйінің, 6 денсаулық сақтау нысанының, 1 қосалқы электр стансасының құрылыс жұмыстары және 7 білім нысанын газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 8 әлеуметтік нысан қалпына келтіріліп, 308 шақырымға жуық ауылішілік көшелер орташа жөндеуден өтпек. Айта кетер жайт, бұл жұмыстарды жүзеге асыру нәтижесінде 920 жұмыс орны құрылмақ.
Міне, осылайша Әулиеата өңірінде құрылыс қарқын алып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге жан-жақты жобалар жандануда. Аталған баянды бастамалардың жемісін уақыт көрсетеді. Алайда жылда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ауқымды жобалар жанданып жатқанының өзі жанға жылу беріп, ертеңгі күнге деген сенімді еселеуде.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы