Бағдарламаға қатысқан эндокринолог Гүлнұр Мұратқанқызының айтуынша, ер азаматтарға пластик бөтелке, пластик ыдыстардан тамақ ішуге әуестену, осындай ыдыстарды үнемі қолдану қауіпті.
Эндокринологтың сөзінше, пластик құрамындағы бисфенол тағам, су арқылы ағзаға өтіп, ксеноэстроген гормонына айналады. Бұл әйел адамның эстроген гормонына өте ұқсас болып келеді.
«Ер адам күнде пластиктен су іше берсе, ксеноэстроген бөлініп, ол тестостерон гормонының орнына отырып алады. Ер азаматтарға соны айтуымыз керек. Медицинада феминизация деген термин бар. Ер азаматтардың дене пішіні әйел адамға ұқсап бара жатқандығы. Бұған басты себеп – пластиктің көбеюі», – дейді Гүлнұр Мұратқанқызы.
Сонымен қатар дәрігер тағамды целлофанда, пластик ыдыста микротолқынды пеште жылытудың да зиян екенін баса айтты.
«Пластик целлофанға самсаны салып, микротолқынды пешке жылытамыз. Май пластиктен бөлінген бүкіл токсинді өзіне сорып алады. Ксеноэстроген ағзаға жинала береді. Бұл әйелдерде омырау безінің қатерлі ісіне әкеледі», – деді ол.