Біз «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы нөмірлерін парақтап отырып, сол жылдардағы зұлматтың салқынын сезгендей болдық...
«Сұм жыландарға айаушылық болмасын!»
«Социалды Қазақстан» газетінің 1937 жылғы 9 қаңтардағы нөмірінде «Қалық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзін мүлде құртайық!» тақырыбымен алғашқы бетте айғайлап тұрған мақаланы көзіміз шалды. Ол Сталиннің мынадай сөзімен басталады:
«Собет мемлекетінің күші артқан сайын, өліп бара жатқан таптардың ақтық қалдықтарының қарсыласуы күшейе беретіндігін есте сақтау керек. Олар дәл өліп бара жатқандықтан, өмірінің ақтық күндерін өткізіп бара жатқандықтан, тарпа бас салудың бір түрінен екінші түріне, басым түріне көше бермек, қалықтың артта қалған қабаттарына шығып, оларды собет үкіметіне қарсы жұмылдырмақ....»
Ардақты көсеміміз Сталин жолдастың бұл болжағыштық сөзі өмірде болған талай-талай пактілермен сипатталды. Собет елінің жаулары сотсиалистік құрылыстағы табыстарымыз күшейген сайын қарсылығын, зийанкестігін күшейте түсті. Суға кеткен тал қарманады деп, өздерінің ақтық күндері жеткенін біліп, елімізге талай рет зұлымдана тарпа бас салуға ұмтылып көрді. Бұл ретте пашистердің қарғылы төбеттері, жендеттері болып отырған тротскийшіл-зинобиепшіл сұрқийалардың өткен жолы, басынан кешкен өмірі өте бір көрнекті пакт».
Осылай дей келе, мақаланың бел ортасында кеңестік саясатқа қарсы шыққандарға қатысты аяусыз үкім шығарылуы керегі сөз болады:
«Қазірде бұл бандылар бүкіл қалқымызға ата жау болып көрініп отыр. Бұл бандыларға бүкіл қалқымыздың қаһары тігілуде. Сотсиалисзм отанын құлатпақ болған, ұлы Конститутсиаға алтын мен жазылып отырған бүкіл табыстарымызды жоқ етпек болған бұл бандылар жөнінде қалқымыздың айтқаны, айтып отырғаны: сұм жыландарға айаушылық болмасын, атылсын! – деген қаһарлы үкім».
«Сұрқия», «сұм жылан», «банда», «атылсын» деген тәрізді сөздерден-ақ сол кездегі саясаттың қаншалықты радикал қадамдарға жол бергенін түсінуге болады. Мақалада троцкийшіл-зиновьевшілдермен бір қатарға қазақ ұлтшылдары да тұратыны айтылады:
«Қазақ ұлтшылдары да пашизмнің тура нұсқауымен зийанкестік істер жүргізген. Олай болса, ұлтшылдарды тротскийшілдерден бөліп қарауға тырысушылар, оларға жеңілдік беруге тырысушылар пашизм агенттерінің нағыз адбокаты, қорғаушысы болып табылады. Бұл олардың шын жауыздығын, зұлымдығын бүркеуге, жасыруға тырысқандық. Ұлтшылдардың көздейтіні де осы. Олар кей бір адамдардың, кей бір орындардың аңқаулығы мен пайдаланып, аппаратқа, партийа қатарына кіріп алып, өздерінің зийанкестік істерін жүргізуді көздейді.
Автор сөзін қорытындылай келе, оқырманға тағы да қатыгез ұран тастайды:
«Партийа қатарында, собет, шаруашылық мекемелерде бірде бір тротскийшіл-зинобиепшіл, ұлтшыл бандылар қалмауы керек! Олардың бірінде қалдырмай жоқ қылу керек. Қалық жауына еш бір рақым жоқ! Жайбарақаттыққа салынуға еш бір жол жоқ!».
«Нағыз оңбаған предатілдіктің тарихы»
Газеттің 1937 жылдың 12 қаңтары күнгі №10 санында да қазақ ұлтшылдарын, оның ішінде алашордашыларды «сұр жылан», «предатіл», «дұшпан», «зиянкес» деп айыптайды. Материал «Қазақ болшебиктерінің міндеті – Қазақ ұлтшылдарына қарсы баса күресу» тақырыбымен берілген:
«Қазақтың байлары, предатіл алаш-ордашыл интеллигентсиасы мен ынтымақтасып алып, алаш-орда қозғалысын туғызды. Бұл қозғалыс қазақ қалқына қарсы, қазақ бұқарасының реболутсиашыл азаттық қозғалыстарына қарсы бағытты көздейді. Алаш-орда қозғалысының тарихы – мәмлешілдіктің тарихы, қазақ қалқының тілегін ақырына дейін сатқан нағыз оңбаған предатілдіктің тарихы».
Мақала авторы алашордашылар әрекетін тыңшылыққа, диверсияға, тіпті террорға теңейді:
«Алаш-ордашыл, тротскийшіл, оңшыл және ұлтшыл-уклонис азғындар предатілдік істеуде өз ара ынтымақтасып отыр. Капитализмді қайта орнатпақ болған, лениндік-сталиндік интернатсионализмді бұзбақ болған әрекеттерін де бұлар өз ара бірігіп, күрестің бір түрінен екінші түріне, анағұрлым жауыз түріне, тыңшылыққа, диберсийа мен террорға көшіп жүр. Мұны дәлелдейтін пактылар толып жатыр».
Мақалада алашордашы Мұстафа Шоқайға фашистік агенттерді ұйымдастырып жүр деген де айып тағылады:
«Ұлтшыл азғындар, алаш-ордашыл сұр жыландар екі жүзділіктен, қастықтан, предатілдіктен өтіп, ақтық шегіне жетіп отыр. Бұлар пашизм тобына, соғыс құмарлардың тобына қосылып отыр, қазақ қалқының және отанымыздың ең барып тұрған дұшпандарының тобына қосылып отыр. Еліміздің отан қорғау күшін құлатуға тырысқан жер жүзінің имперализмі, пашистер өздеріне қолғанат адамдарды контр реболутсиашыл алаш-ордашылардан да құрап алып жүр.
Атышулы алаш-ордашылардың бірі, бұл күнде шет елдерде жүрген Шоқайып тротскийстер мен, ұлтшыл уклонис азғындар мен бірігіп, пашистік агенттерін, тыңшыларды, зийанкестер мен диберсантарды ұйымдастырып жүр».
Материалда алашордашылардың «орыс атаулыға сенбейтін бұрынғы ескі әдеттің сарқыншақтарын қолдап отыратынына» қатысты да дерек бар:
«Тротский және ұлтшыл азғындар бюрократизмді, жалаң әкімшілкке салынуды қолдайды, өз ара сынға жол бермейді, бұрынғы жікшілдік салттарын, көсемшілдікті қолдайды, қызметшілердің «өз адамым» деген принтсіппен құрап алу әдеттерін қолдайды, орыс атаулыға сенбейтін бұрынғы ескі әдеттің сарқыншақтарын, жағымпаздықты, жарамсақтанушылықты қолдап отырады. Бұлар ру жігіне қарай бөліну сықылды көптен жойылған әдетті де қайта туғызуға тырысып отырады. Әрине, бұл сарқыншақтардың бәрі де пашис сұмдардың істеген қылмыстарының ізін жасыруға өте қолайлы болып отырады. Жуықта Шымкентте Әлмұқамедіп, Дәуітбайып деген барып тұрған алаш-ордашылар әшкереленді, бұлар соңғы уақытқа дейін партийада болып келген. Күшбайып деген комсомолетс та осылар мен бірге әшкереленді».
«Жауынгер құдайсыздар ұйымы» деген жоқ»
1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге іліккендердің бір парасы – мұсылманшылықты ұстанған қазақтар еді. Баспасөз беттерінде оларды «ораза ұстап, намаз оқығаны» үшін жерден алып, жерге салады. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы 4 шілдедегі №151 санында «Тіміскіген молдалар, бейқам басшылар» атты мақала жарияланған екен. Көз жүгіртсек, дін ұстанғандарды дұшпаннан кем сипаттамапты:
«Бейнетқор ауыл собетінің «Егін бұлақ» серіктігіндегі Игілікіп Ысқақ деген молда серіктік мүшелерінің арасында «ораза ұстаңдар, намаз оқыңдар, пітір-садақа беріңдер, сонда күнәларың жеңілденеді» деп, үгіт жүргізген. Ораза кезінде серіктік мүшелерінің бір сыпырасына ораза ұстатқызып, тарауыққа қатыстырған. Оны мен қоймаған, дінге Конститутсийа бостандық берді, сондықтан біз мешіт салатын қаржы жинауымыз керек деп те үгіттеген.
2-ауылдағы «Байғабыл» серіктігінің председатілі Қожабайып (өзі аудандық атқару комитетінің мүшесі) ораза ұстаған, осы күнге дейін намаз оқиды. Аудандық атқару комитетіндегілер Қожабайыпты сауатсыз деп санайды. Бірақ, Қожабайып серіктік мүшелерінің тең жартысына ораза ұстатқызып, намаз оқытып, қалқозшыларды өзінше «ағартып» жүргенін білмейді».
Ораза ұстап, намаз оқу былай тұрсын, өмірден өткен әкесіне Құран бағыштау да бұл жылдары сұмдық бір қылмыспен пара-пар болған секілді:
«Бестау ауыл собетінің «Қаражар» серіктігінің мүшесі Қоденіп Ыбырайым мал сойып, өлген әкесінің моласының басына апарып, молдаға Құран шығартып, ас берген. Серіктіктің председатілі Ержанып Дәулет жолдас бұған үндемеген».
«Еңбекші» собетіндегі «Құм көл» серіктігінің мүшесі Рыспайып Әбіш деген молда да Игілікіп сыйақты, елден пікір-садақа жинап, қалқозшыларды дінге үгіттеген. Оның баласы Зікірийа комсомолетс болса да, кесінің бұл қылығына қарсы емес, әкесі мен бірге тұрады».
Ол заманда балаларды сүндеттеу де барып тұрған бассыздық болған тәрізді:
«Бұл-бұлма, 3-ауылдағы «Доғал» серіктігінің мүшесі Қанқожа деген қожа 1937 жылдың басында, сол ауылдағы бастауыш мектепте оқып жүрген 8 баланың әке-шешесін көндіріп, балалардың бәрін сүндетке отырғызған. Осының салдарынан балалар бір жарым ай оқуларынан қалды».
Осылай дей келе, автор өз сөзін: «Ауданда «жауынгер құдайсыздар ұйымы» деген жоқ. Оларды ұйымдастыруды ойлаған жан жоқ. Әсіресе, комсомол ұйымдары бұл жұмысты мүлде ұмытты» деп «қынжылысын білдіреді».
Жоғарыдағы мақалалар – «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы сандарында жарияланған материалдардың бір парасы ғана. Нәубет жылдарда шыққан нөмірлер әлде де тереңірек үңілуді, зерттеуді талап ететіні сөзсіз.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
Елдар ҚАБА (коллаж)