Шаруалар жергілікті билік пен құзырлы органдардың еш келісімінсіз осындай қадамға барған. Егістік алқаптарын қызғыштай қорыған шаруалардың әрекетінен ұсақ шаруа қожалықтары зардап шеккен. Өйткені қазылған шұңқырларды жағалай жүрген киіктер енді ұсақ шаруа қожалықтарының жерін таптап кетіп жатыр.
Оған қоса, шаруалар шағын ғана алқапты алып жатқан егістік алқаптарын «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбақтың басып кеткеніне алаңдап отыр. Сәл жел соқса болды, егіннің бетінде түгелдей қаңбақ ұшатын болған. Салдарынан егін себуде зор қиындыққа тап болған шаруалар қаңбақтың ондаған шаруаның жұмысына қолбайлау болып отырғанын ашық айтты.
Шаруа қожалықтары иелерінің айтуынша, кезінде бұл жерлерде осыдан бірнеше жыл бұрын банкротқа ұшыраған «Әліби» компаниясы ондаған мың гектар жерге иелік етіп егін салған. Бірақ одан кейін осы жерге келген компаниялар орасан зор аумақты алып жатқан егістік жерлерді игере алмай, кезінде жыртылған жерлерді арамшөп пен қаңбақ басып кеткен.
«Тілекей Агро» компаниясының 25 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Бірақ соның 14 мың гектарына ғана егін егеді. Қалғаны бос жатыр. Не егін егемін деп құлшынған шаруаларға бермейді. Не өздері егін салмайды. Кезінде «Әліби» компаниясынан қалған жердің игерілмей қалуынан қазір осы аймақтағы шағын 22 шаруа қожалығы түгелдей зардабын тартып отыр. Егіннің бетінде жел соқса болды қаңбақтар домалап дән сепкіштерімізді (сеялка) бітеп жүргізбей тастайтын болды. Қарға адым жерге егін салу қазір мұңға айналды. Ірі мөлшердегі жерлердің еш пайдаланылмай жатуы оның құнарлығын төмендетіп тоздырғанымен қоса, ұсақ шаруа қожалықтарына да ауыр соғып тұр. Мұнымен қоса, биыл екі есе көбейген киіктер енді қазылған орлардан айнала жүріп отырып, тура біздің егістік алқабымызды таптап кететін болды. Ірі шаруалар экскаваторшыға 3 миллион теңгеден төлеп, жатын орны мен тамағын беріп 3 метр тереңдікке дейін траншея қаздырып алған. Міне, қазір егін салуда осындай қиындықтарды бастан өткерудеміз, – дейді шаруа қожалығының иесі Нұрбай Жүсіпов.
Түйінді мәселе жөнінде алдымен Атбасар ауданы әкімдігінен анықтамақ болдық. Жергілікті билік қазір көктемгі егіс науқаны жүріп жатқанын, тек егістік жұмыстары толық аяқталғаннан кейін тексеріс жұмыстарын жүргізетінін баян етті.
– Ауданның статистикалық бөлімінің берген мәліметінше, «Тілекей Агро» сол 25 мың гектар жерге түгелдей егін себуі тиіс болған. Қазір нақты сараптама жасай алмаймыз. Көктемгі егіс науқанын 10 маусымда аяқтау жоспарланған. Осыдан кейін әкімдік және басқа да құзырлы органдар арнайы жұмыс тобы комиссиясын құрып, егістік жерлердің пайдалануын, қаншалықты көлемде егілгенін яки егілмегенін тексереді. Биыл ауданда жалпы көлемі 495 мың гектар егістік алқапқа дән себілуі тиіс. Шаруаларға киіктер де көп зиян шектіріп отыр. Егістік жер иелерін киіктердің таптауынан зор шығынға батты. Былтырдың өзінде фермерлер 2 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған. Биыл шаруалар өздері егіндерінің айналасын қазып тастады. Бұны олар киіктерден қорғану үшін жасаған. Толық талдау нәтижесін тексерісті қорытындылағаннан кейін ғана анықтаймыз, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Күрделі мәселенің мән-жайын Ақмола облысы Жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасынан анықтамақ болдық. Басқарма басшылығының мәліметінше, Атбасар ауданындағы жоғарыда аталған компания былтыр жайылым жерлерді игермей заңбұзушылықтарға жол берген.
«Тілекей Агро» – бірнеше ауданда аса ірі мөлшерде егін егетін ірі компаниялардың бірі. Былтырғы жылдың соңында жүргізілген тексеріс барысында аталған компанияның 13 мың гектардан астам жайылым жерлерді игермей тастағанын анықтап, тиісті нұсқау берілген. 10 маусымға дейін егін себу науқаны жүреді. Одан кейін жергілікті билік өкілдерімен бірге жердің қаншалықты пайдаланылғанын анықтаймыз. Егер заңбұзушылықтар анықталып жер игерілмей жатса, бір жыл көлемінде күтіп, одан кейін мемлекет меншігіне қайтарып аламыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Аян Тастанбекұлы.
Атбасарлық диқан қауымының басына түскен бейнеті қазір осындай жағдайда. Істің ретке келтірілуі құзырлы органдардың жылдам әрі нақты әрекет жасауына тікелей байланысты екені анық. Бір жағынан киіктердің шабуылы мен екінші жағынан жердің игерілмеуінің салдарынан шығынға батқан шаруалардың жанайқайы қалай шешімін табарын алдағы уақыт көрсетер...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы