Бағдарлама 1960 жылдары АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске қосылды. Ал біздің елге Work and Travel бағдарламасы 2005 жылдары келген екен. Әлемнің 40-тан астам елінде жүзеге асатын бағдарламаға Қазақстаннан жыл сайын 1 500-ге жуық студент қатысады.
Негізінде, бағдарлама қатысушылары ағылшын тілін ең үздік деңгейде меңгеру керек деп ойлайды. Десе де, шетелде саяхаттап, жұмыс істеу үшін ағылшын тілін кем дегенде Intermediate деңгейінде меңгергеніңіз жөн.
Work and Travel бағдарламасына өтінім беру мерзімі әр кезде әртүрлі. Студенттер жыл сайын мамыр айында келер жылы қатысуға өтінім бере бастайды. Ол жерде жұмыс орнын, штатты, қаланы таңдайды. Содан соң жұмыс берушілермен, демеушілермен сұхбаттасуға дайындалады. Сұхбаттасу екі кезеңнен тұрады. Біріншісі АҚШ елшілігінде, екіншісі демеушінің платформасында немесе skype арқылы онлайн сұхбаттасады. Сол жерде демеушімен онлайн келісімшартқа отырады. Яғни, университеттің күндізгі бөлімінде 1, 2, 3-курс оқитын студенттер ғана қатыса алады. Соңғы курс студенттері қабылданбайды. Сонымен қатар тағы айтып өтетін жайт, бағдарламаға колледж студенттері, жұмыс істеп жүрген азаматтар қатыса алмайды. Себебі АҚШ-та мигранттарды көбейтпеу үшін бағдарламаға өз еліне оралып, оқуын жалғастыратын студенттер ғана қабылданады екен. Бүгінде жастардың Work and Travel бағдарламасына қатысуға, Американы көруге көмектесіп жүрген көптеген арнайы агенттік жұмыс істейді. Олар белгілі бір шарттар бойынша аккредиттеуден өтеді. Осылардың қатарында он жыл бойы аккредиттеуден сәтті өтіп келе жатқан орталықтың бірінің координаторы Айнұр Қожахметованың пікірін білген едік.
– Бізде бағдарламаға дайындау ақысы – 3 500$. Бұған Америкаға бару және қайту билеттері, сондай-ақ басқа да қызметтер кіреді. Демеушімен болатын сұхбат аса қиын емес. Біз осы тұрғыда студентті сұхбатқа дайындаймыз, онда қойылатын жалпы сұрақтар: ата-анаң кім болып жұмыс істейді? Не үшін бара жатсың? Қайда оқисың? Ең негізгісі – елшілікте болатын сұхбат. Демеушімен болатын сұхбатқа қарағанда бұл едәуір қиын десек болады. Одан өтпей қалған жағдайда студент шетелге бара алмай қалады. Сонымен бірге студент сұхбаттасу барысында елге оралатынын, шетелде қалып қоймайтынын дәлелдеуі керек. Берілген мерзім ішінде елге қайтып, сабағына үлгеруің керек дейді. Өйткені көп жастың шетелде қалып қойып жүргенін жиі байқаймыз. Бағдарламаға жұмсаған ақшасын сол жақта екі еселеп тапқысы келеді, сол себептен қалып қойып жатады, – деді Айнұр Қожахметова.
Негізінен, қазақстандық студенттер бұл бағдарламаға сабағын тәмамдап, барлық емтиханын тапсырып болғаннан кейін қатыса алады. Яғни, жазғы үш ай демалысында шетелде жұмыс істеп келеді. Ал экономист Бауыржан Ысқақов еліміздегі кейбір университеттердің емтихандары тым кеш өтетініне қынжылды.
– Еліміздегі кейбір университеттерде студенттер жазғы демалысқа тым кеш шығады. Осыдан барып студенттер бағдарламаға қатысатын мерзімінен кешігіп, мүмкіндікті жіберіп алады. Сондықтан да заң бойынша осы тұрғыда талап керек деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Work and Travel бағдарламасының ұтымды жағы көп. Студент алпауыт АҚШ мемлекетін көріп, жұмыс істеп, табыс табады. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, бағдарламаның бизнес саласын өркендетуге ықпалы зор.
– Бағдарламаның ұтымды тұстарының бірі, студент елге жаңа машықпен, жаңа тәжірибемен оралады. Әсіресе, түрлі идеямен кәсіп көздерін ашып жататын болса, бұл экономикалық жағынан өте тиімді. Студенттің шетелдегі барлық уақыты бекер өтпейді. Тек қыдырып қоймай, сол жақта жаңа кәсіптердің бастау алуына себеп бола алады. Шетел тәжірибесімен біздің ел экономикасына оң әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет тарапынан студенттерге қолдау қажет. Олардың шетелде қалып қоймай, алған тәжірибелерін елдің даму мақсатына жұмсауына жағдай жасағанымыз жөн, – дейді экономист.
Студент Әйгерім Сұлтанова бағдарламаның артықшылығы көп екенін айтады. Ол магистранттарға да шетел асып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенін қалайды.
– Бұл бағдарламаның артықшылығы көп, өйткені АҚШ-қа барып, ақша тауып қана қоймай, америкалықтардың мәдениетін танисың. Адамдар Америкада ашық-жарқын, көмекке дайын. Бағдарламаның кемшілігі ретінде оған тек бакалавриат студенттерінің қатысуын айтуға болады. Мысалы, магистранттар тапсырса, олардың аз ғана бөлігі виза алады, – дейді Әйгерім.
Студент жастардың бағдарламаға қызығушылық танытуының ең негізгі себебі шетел көріп, әлем аралауға мүмкіндік берілуінде болса керек. Біздің бұл ойымызбен Work and Travel арқылы шетелге барып келген студент Нұрдәулет Байсейітов те келіседі.
– Бала кезімнен шетелді көруді армандайтынмын. Work and Travel бағдарламасы туралы алғаш рет 1-курста оқып жүргенде естідім. Жоғары курстағы студенттердің әңгімесін естіген соң бала кездегі үмітім қайта оянды. Солай 2-курс басында арнайы орталықтан шетелге саясаттап, жұмыс істеудің жай-жапсарын сұрастыра бастадым. Сәті түсіп Нью-Йорк қаласына аттандым. Шетелдегі алғашқы жұмысым даяшы (waiter) көмекшісі болды, – деді ол.
Work and Travel бағдарламасына қатысатын жастардың саны жыл сайын артып жатыр. Бәрінің де көздеген мақсаты бір. Кинодағыдай Американың қайнаған тұрмыс-тіршілігін көргісі келеді.
– Бағдарлама бағасы, әрине қымбат. Бірақ Америкаға барып одан да артық тауып қана қоймай, онда саяхаттайсыз. Жаңа ортамен танысасыз. Мүмкін болса, тағы да бірнеше рет барушы едім, – дейді Әйгерім Сұлтанова.
Work and Travel бағдарламасы арқылы көп жас Американы көріп қана қоймай, алып елдің мәдениетімен, тәжірибесімен танысып келеді. Сөйте тұра, барлық студенттің шетелден оралуына нақты кепілдік жоқ. Бұл да жауаптылардың назарға алуы керек мәселе.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ