Атырау қаласындағы Сырым Датов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің балконынан шыққан өрт салдарынан 7 адам эвакуацияланған.
«Шақырту орнына санаулы минутта жеткен өрт сөндірушілер бесінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттар жанып жатқанын анықтады. Департамент қызметкерлерінің күшімен 7 адам, оның ішінде 5 бала автосаты арқылы бесінші және алтыншы қабаттан құтқарылды. Дәліз баспалдағы арқылы жалпы саны 44 адам қауіпсіз жерге шығарылды», – делінген Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметте.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен 3 бірлік техника жұмылдырылды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА