Ескерткішке гүл қою рәсімі өтті

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Спасск мемориалдық кешенінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың және Еуроодақ елдерінің бірқатар елшіліктерінің өкілдері қатысуымен естелік белгілерге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Архив деректері бойынша, Спасск зиратында 5000-нан ас­там 50-ден астам ұлт өкілі жер­ленген. 

2004 жылы Қарағанды об­лысы әкімдігінің бастамасымен Қа­зақстан жерінде жатқан саяси қу­ғын-сүргін құрбандарының бар­­­лығына ескерткіш орнатыл­ды.

Еске алу рәсіміне Қарағанды облысына Еуроодақтың бірқатар елшілігінің өкілдері келді. Сон­дай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшелері, этномә­дени бірлестіктердің басшылары тоталитаризм жылдарында жа­зық­сыз зардап шеккен отандас­тарын еске алды.

«Вайнах» қоғамдық бірлес­тігінің ақсақалдар кеңесінің тө­ра­ғасы Сулим Исакиев бүкіл отбасын туған жерінен күштеп Қазақстанға жер аударғанда небәрі 4 жаста болған. 

– Бұл туралы айтқанда денем түршігеді. Қыс мезгілі еді. Олар өзімізбен бірге ештеңе алуға рұқ­сат бермеді. Адамдарды жүк ва­гондарына тиеді. Көбісі жолды кө­тере алмады, жолда қайтыс болды. Қазақтарға аман қалуы­мызға, қиындықтарға төтеп беру­ге көмектескені үшін рақмет. Мен осында қалдым, балаларым­ды өсірдім, қазір менің жеті не­мерем бар. Жыл сайын біз бұл мемо­риал­ға ата-бабаларымызды құр­меттеу үшін келеміз. Бұл қасірет әртүр­­лі ұлт өкілдеріне ортақ деп білемін, – дейді 84 жастағы Сулим Исакиев. 

Сонымен қатар «Әнет баба» мешіті және Михайловка ықшам ауданындағы Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құр­бандарына арналған ескерт­кіштерге гүл шоқтарын қою рә­сімі өтті.

Аталған шараға ардагерлер, депутаттар, жастар, саяси партия өкілдері, еріктілер, қала тұрғын­дары қатысты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы