«Балалардың қойылымдары әрқашан ерекше. Опера жанрындағы бұл ертегінің музыкасын орыс композиторы Цезарь Кюи жазды. 1912 жылы жазылған бұл операның 100 жылдан астам тарихы бар. Ал театр сахнасында ол ең алғаш рет 1913 жылы Италияның Рим қаласында қойылды. Негізі, ересектерге қарағанда балаларға арналған спектакльді қою қиынырақ. Себебі түрлі анимацияға толы фильмдерді көретін балаларды таңғалдыру өте қиын. Сондықтан біз видеопроекциялар арқылы сондай атмосфера қалыптастыруға тырыстық», – дейді спектакль режиссері Еренбақ Тойкенов.
Осы спектакльде мысықтың рөлін классикалық операда өнер көрсететін актер Артур Габдиев сомдайды.
«Біз дәстүрлі классикалық операда өнер көрсетіп машықтанып қалғанбыз. Операда ересек көрермен сенің кім екеніңді, қайда екеніңді біледі, тіпті кейде қошеметімен көмектесіп те жібереді. Ал бұл спектакль балаларға арналған. Балалардың назарын аулау оңай емес. Сондықтан осы қойылымға қатты дайындалдым», – дейді актер.
Ал қойылымдағы Ханшайым рөлі театр актрисасы Жәмила Жарқынбаеваға бұйырыпты.
«Қатты қобалжығаным рас. Себебі балалар киімге де, гримге де, әрбір детальға да мұқият қарайды. Алайда өз рөліңді шеберлікпен сомдап, басты көрермен – балалардың риясыз ықыласын алғаныңда, солардың қошеметіне бөленгенде, еңбегіңнің ақталғанын түсінесің», – дейді ол.
Аяжан ИСИНА,
ЕҰУ студенті