Air Astana басшысы авиация ардагерлерімен кездесті

Ардагер ұшқыштар ұсыныстарын айтты.

Кеше отандық азаматтық  авиация саласының ардагерлері Air Astana басшылығымен кездесіп, 4 жыл бұрын Португалияда орын алған апаттық жағдайға тап болған ұшақты аман-есен қондырған экипажды марапаттады. Басқосуға компания президенті Питер Фостер мен компанияның басқа қызметкерлері келді.  Осы басқосуда компания президенті  Питер Фостер қазақстандық авиация саласы ардагерлерін қолдау мақсатында құрылған «Ел Самғау» қоғамдық қорының мүшелері мен пікірлесіп, олардың біршама ұсыныс-тілектерін тыңдады. Аталған қоғамдық қордың басшысы  Дмитрий Душимов Air Astana басшысына еліміздегі авиация саласының ардегерлеріне бірқатар материалдық қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар, аталған компания ұшақтарының қанатына қазақ халқының батыр ұлы ұшқыш Талғат Бигелдиновтың есімі жазылып тұрса деген де тілегін жеткізді.  Өз кезегінде Питер Фостер ардагерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектер компания басшылығының назарына алынатынын айтып өтті. 

Сондай-ақ осы кездесуде жоғарыда айтып өткен 2018 жылдың 11 қарашасындағы қауіпті ұшу кезінде ерекше шеберлік танытқан үш ұшқышты  «Ел Самғау» қоры өздері тағайындаған «Қазақстан авиациясына 100 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. 

Өткен жылы Air Astana-ның үш ұшқышы Ұлыбританиялық құрметті ұшқыштар гильдиясының Хью Гордон-Берге сыйлығы табысталған болатын. Алғаш рет осы ұйымының тарихында Ұлыбритания достастығына кірмейтін қазақстандық ұшқыштарға қошемет көрсетілген.

Олар – капитан Вячеслав Аушев, екінші ұшқыш Бауыржан Қарашолақов пен Сергей Соколов. Бұл үш батыр  Air Astana әуе компаниясында қызмет етеді. Үшеуіне «Ұшақ пен әріптестерін құтқару кезінде көрсеткен ерекше батылдығы және іс-әрекеттері үшін» Хью Гордон-Берге сыйлығы салтанатты түрде табысталды.

Ерекше мараптатқа ие болған үш ұшқышымыз  2018 жылдың 11 қарашасында Лиссабонда (Португалия) бөгде ұйым көрсеткен техникалық қызметтен кейін Embraer E190 ұшағымен базаға қайтару рейсін орындаған. Сол сәтте элерондарды басқару кабель жүйесінің дұрыс орнатылмауына байланысты, әуеге көтерілген соң ұшақтан ақау шыққан болатын.  Ұшақты басқару мүмкін болмады.  Дегенмен, біздің ұшқыштар мәселені тез  анықтап, шұғыл қабылдаған шешім арқасында бақылауды ішінара қалпына келтіріп, ұшақты Португалияның оңтүстік-шығысындағы Бежа әуе күштерінің базасына қауіпсіз қондырған еді.

Ұлыбританиялық The Honourable Company of Air Pilots (Құрметті ұшқыштардың компаниясы) – 1929 жылы ұшу қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын көтермелеу үшін құрылған Лондондағы ең танымал қауымдастықтардың бірі. 

Жыл сайын компания авиация саласы қызметкерлерін көрнекті жетістіктері үшін марапаттап отырады. Марапаттау рәсімі Лондон қаласының қақ ортасында орналасқан Гилдхолл салтанатты ғимаратында өтеді. Сонымен қатар қауымдастықтың марапатымен дәстүрлі түрде Ұлыбритания мен Достастық елдерінің авиация саласының мамандары марапатталады.

 

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы