Алматы облысында белгісіз азамат алдап әкеткен 8 жастағы қызды алдымен қонақүйге апарған, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол аздай, қаршадай қызды құшақтап, такси ішінде ерсі әрекетке барған дейді. Мұның барлығын қыз анасына айтып беріпті. Ал бүгін қонақүй әкімшілігі «біз жөндеуге жабылдық, жұмыс істемейміз» деп отыр.
Желіге жүктелген жазбадан бұрын күдікті жол бойындағы қонақүйге тоқтап, бөлме сұраған. Дүкенге барып, алаңдаулы қыздың көңілін де аулай бастаған.
Жазғы лагерьге бара жатқан жеткіншекті жол бойында такси күтіп тұрған жерден алып кеткен. Оны 36 жастағы күдікті жеткізіп тастаймын деп таксиге отырғызған көрінеді.
«Қыздың жалтаңдап тұрғанын байқадым. Ақырын қызбен сөйлесіп үйге алып кірдім. Екеуміз қызға таласып қалдық. Артымнан қалмай жүріп алды», – деді куәгер Күләш Теңелбаева.
Перзентім құрбан бола жаздады деген анасы қазір дел-сал күйде. Мұндай жағдайды бастан кешемін деп ойламадым деп жылап отыр. Үнемі қызын әкесі жетектеп жолға шығарып салады екен, ал кейін такси әкетеді.
«Таңертең сағат 9.00-ге таман шығып кеткен. Содан жүрегім сезді ме, білмеймін, хабарласа бастадым. Әлі келмеді деді. Балалармен ойнап қалған шығар деп ойладым. Мұндай жағдайды ешкімнің басына тілемеймін. Осындай әрекетке барған адам ең ауыр жазасын алсын», – дейді қыздың анасы Римма Халмұратова.
Қазір күдікті адам ұрлау фактісі бойынша тергеліп жатыр. Алайда жәбірленушінің анасы қызын зорлауға оқталған деп қорқады. Сондықтан тергеудің май-шаммен қаралғанын қалайды.