Иран елшісімен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті. Сұхбат барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және серік­тестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Иран Қазақ­стан­ның ислам әлеміндегі жан-жақты ынтымақтастық орнатылған жақын серіктестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ Палата Спикері Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Иран­ға жасаған сапары екіжақты қарым-қаты­насқа айтарлықтай серпін бергенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақстан парламентаралық байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты және елімізде Мемлекет бас­шысының бастамасымен іске асырылып жатқан кешенді реформаларға назар аударды.

Сондай-ақ ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне жеке тоқталып, Иранның дін көшбасшыларын биыл күзде өтетін съезд хатшы­лығының мерейтойлық отырысына қатысуға шақырды.