Бала санасындағы батыр кім?

Жаһандану деп аталатын қазіргі дәуір үлкенді де, кішіні де смарт­фонға телміртіп қойды. Нәтижесінде, ата-анасының мейірім-шапағатынан гөрі, телефонды биікке қоятын бала­лар өсіп келе жатыр. Ащы болса да ақиқат осы.

Боямасыз шындық

Бірде көптен көріспеген құрбымды көшеде кездестіріп қалдым. Әшейінде көңілді жүретін құрбымның қабағы түсіңкі, шаршап кеткен. Сұрақтарыма салқын жауап берген ол, әңгімені шәй басында жалғастыруды ұсынды. Сөйтіп, екеуміз жақын маңдағы дәмхананың біріне келе қалдық. Шетте тұрған бос үстелдің біріне отырып, жайғаса бергеніміз сол еді, диалогіміз ұзаққа созылмады. Шыңғырып жылаған сәбидің дауысы залдағылардың еріксіз назарын аудартты. Әлденені сұрап, анасынан рұқсат ала алмаған болса керек, ашуланған бала жер тепкілеп, мұздай еденнің үстіне жата кетті. «Жақсы, ала қой. Бірақ үйге кеткенше дыбысыңды шығармай отырасың», – деп зілденген анасы баланың қолына теле­фонды ұстатты. Қуанған бала «Халкті қосып бер», – деді де, кейіпкерімен қауыш­қанына ырза болып, жылағанын бірден тоқтатты. Баланы әлгі видеоның «байлап алғаны» сонша, анасы алдырған тамағы да суып, жайына қалды. Шамамен үш-төрт жас аралығындағы сәби анасымен арадағы «шайқаста» осылайша жеңіске жетті.

«Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Ертең ана бала дамымай қалады», – дейді құрбым. Сөйтсем, құрбым телефонға телміруден әбден жапа шеккен баланың анасы болып шықты.

Үш баланың анасы Айгүл үш жастағы кенжесін қиындықтармен өмірге әкелді. Аяқ астынан қан кетіп, жедел жәрдеммен перзентханаға жеткізілген оған шұғыл ота жасалып, сәби 36 аптасында кесір тілігімен өмірге келген еді. «Баламның тілі бір жа­сында шықты. Тоғыз айында жүріп кетті. Олай ерте дамуына бауырлары себеп болды деп ойлаймын. Себебі ағасы мен апасы баланы ойнатып, үнемі жанында жүретін. Балам жастан асқан соң үлкен­дерін сабақтан бөлек, қосымша үйірме­лерге бердім. Әкесі үнемі жұмыста, ата-әжесі ауылда тұрады. Сөйтіп, кішкентайды өзім қарай бастадым. Балабақшаға тір­келгенімізбен, орын болмаған соң онлайн жұмысқа орналастым. Онлайн деген аты ғой, бәрібір жауапкершілікпен атқары­латын жұмыс болған соң оған уақыт бөлу керек. Сәби сенің жұмыс істеп отыр­ғаныңды түсінбейді, ойнағысы келеді. Көңіл бөлуіңді қажет етеді. Әрі бала, әрі жұмыс деп, екіге тағы жарыла алмайсың. Сөйтіп, не керек, сәбиіме телефон бере бастадым. Бастапқыда «Балапан» ар­насының караоке әндерін ғана тыңдайтын балам бара-бара түрлі видеоларды қарай бастады. Мен жұмысымның жүргеніне риза болып жүріп, баламның дамуы ке­шеуілдеп жатқанын байқамай қалып­пын», – деп күрсінді Айгүл. 

Айтуынша, бұған дейін әжептәуір сөздерді құрастырып сөйлеп жүрген сәбидің бара-бара сөздік қоры азайған. «Басында су ішкісі келетінін немесе ойнайтынын білдіріп, сөздерді бөліп-бөліп айтып жүрді, артынан қалаған нәрсесін ыммен айтуды бастады. Еркелеп жүрген болар деп мән бермедім. Кейін кезекті екпені алуға дәрігерге барға­ны­мызда, бала бойындағы өзгерістерді педиатр байқап қалды. Сөздерді айтуда тежелуден бөлек, баламның басында діріл пайда болды. Көзін жиі жыпылықтатып, басын оңды-солды дірілдетіп жүрді. Оны да әдет шығар деп жүрген едім. Қайта педиатр дәрігерімізге рахмет. Сол кісі дабыл қағып, баланың екпесін салдырмай қойды. Қазір невропотологтың тағайын­даған емін қабылдап жүрміз» деген Айгүл сәбиіне ұялы телефонын беруді доғарған.

Жұмысынан уақытша демалыс алған Айгүл смартфонын баланың психикасына, сонымен қатар көру қабілетіне де кері әсер ететініне көзі жеткенін айтты.

Мамандар не дейді?

Мамандар Қазақстанда цифрлық аутизм мәселесі өткір тұрғанын айтып, дабыл қағуда.

Балалар дәрігері Айнұр Қожамұрато­ваның айтуынша, балалардың смартфон­дарды ұзақ уақыт қолдануы сөйлеудің дамуын баяулатады. 

«Сондай-ақ баланың өз бетінше ой­лауы, қоршаған ортадағы шындыққа назар аударуы қиынға соғады. Баланың санасы виртуалды әлемде «ілініп» қалады. Сал­дарынан балада есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінде проблемалар пайда болады. Гаджеттерге тәуелділік балада аутизмге ұқсас белгілерді тудырады. Нәти­жесінде, сөйлеу қабілетінің кешігуі және астигматизм сияқты проблемалар туындайды», – дейді дәрігер Айнұр Қожамұратова. 

65 миллион қаралымның құпиясы

Шыны керек, смартфонға телмірген ұрпақ бір Айгүлдің емес, кез келген от­басында күнделікті қайталанып жатқан жағдай. Оған етіміз үйреніп кеткені сонша, сәби тыныш болсын деген оймен оның сұраған түсініксіз видеосын өзіміз іздеп, қосып беретін болдық. Бір қарағанда, керемет-ақ тәсіл. Бала бірден тынышта­нады. Сәби жыламай отырған соң сіздің де жаныңыз рахатқа батады, шаруаңызды бітіресіз. Бірақ осындай виртуалды әлем­нен алып жатқан «тәрбие» кішкентай бүлдіршіннің санасына қалай әсер етіп жатқанын ойланып көрдік пе екен? 

Еуропалықтардың жер бетінде мүлде болмаған, ойдан шығарылған сан түрлі кейіпкерлері қазір «бад бэйби» деп басталатын You tube видеоларын жаулап алды. Берісі 500 мың, әрісі 65 миллионға дейін қаралым жинайтын видеолар сиқырын қанша ізденсек те, қабылдай алмадық. Бірақ балалар санасын баурауы мүмкін себептер қатарында, қандай қитұрқы жағдайда болмасын қолданыла­тын арнайы эффектілердің тұруы ғажап емес. Ал көп жағдайда қатыгездікке бау­литын мұндай видеолардың психотроптық әсері туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып.

Психологтер дұрыс айтады. Бала сіз бен біз ас үйде жиі пайдаланатын губка іспетті. Нені көреді, нені естиді, сана соны қабылдайды. Оның ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын анықтап жату үшін сәби сана өсуі керек. 

Халықтық педагогика

Тарихқа қарап отырсақ, қазақ хал­қының бала тәрбиесінде қолданған әдіс-тәсілдерінің, тіпті күнделікті өмір салты­ның тұнып тұрған халықтық педагогика екенін көруге болады. Еуропаға жол сал­ған Шоқан Уәлихановты, мәңгі өлмейтін дала философиясының негізін қалаған дана Абай Құнанбаевты кезінде Айғаным, Зередей әжелеріміз ертегімен, батырлар жырымен сусындатып, тәлім-тәрбие бер­ген. Әділдікті қақ жарған билерден, атағы жер жарған даңқты батыр, қолбасшы, ғұлама адамдардан балаларына бата алғыз­ған. Бата алу үшін ат жалын енді тартып мінген жас талай күн, талай түн жол жүріп, межелі жерге арнайы баратын болған. Үлкендер жиындарға баланы ертіп жүріп, жыр-қиссаларды тыңдатып өсірген. Осы­лайша, күнделікті өмір салтымен үзілмей жалғасқан халықтық тәрбие қазаққа арысы Сүйінбай, Ыбырай, берісі Халел, Әлихандай дараларды сыйлады. 

Адамның адам болып қалыптасуы бала жастан бойына сіңірген тәрбиеге тікелей байланысты екенін тарихтың әлдеқашан дәлелдеп тастағандығына тағы бір мысал келтірелік. Қарап отырсаңыз, атағы әлемге жайылған танымал тұлғалардың дені жетістікке жетудің сырын бала күнгі ар­мандарымен ұштастырады. Мәселен, Троя қаласын құм-топырақтан аршып алып шыққан әйгілі Генрих Шлиманды ын­таландырған дүние – бала кезінде анасы айтқан ертегі екен. Сол ертегіні тыңдап, Трояны көзбен көруді армандаған бала Генрих ғалым атанған тұста да мақсатынан қайтпай, қаншама мазақ пен азапқа төзе жүріп, көздегеніне жетті. Топырақ астында қалған құнды жәдігерді адамзат игілігіне қайтарды...

Ертегі терапия

Енді сол тағы да психологтердің айт­қанына жүгінсек, ертегі тыңдап өскен бала алдағы өміріне бағыт қалыптастырады екен. Бала ертегі кейіпкерлерінің тұлға­сына қарап, бой түзейді. Осыны ескерген Еуропа елдері, тіпті, көршілес Ресей ертегі терапиясына мән бере бастады. Ерекше тәрбие үлгісін олар балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолдануда. 

Сол сияқты, батырлар жыры да тарих­тың бір бөлігі, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша ілім. Орыс зерттеу­шілерімен бірге, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев сияқты кейбір қазақ ғалым­дары эпостық жырлардағы тарихи оқи­ғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене оты­рып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек еткен. 

«Ертегілермен қоса, лироэпостық жырларды ұрпақ тәрбиесіне байланысты қолдануымыз керек. Өзіміз жиі сынға алатын айырқалпақты ағайындардың, яғни Қырғыз елінде екі баланың бірі Манас жырын жатқа айтады. Асылында, қызық оқиғаға қызықпайтын бала жоқ. Демек, балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында бала тәрбиесіне батырлар жыры мен эпостарды пайдаланудың тың тәсілдері керек. Мысалы, «Қобыланды» жырындағы Құртқа – батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Батырлығымен басқаларға үлгі болған кейіпкерлерді мультфильмге айналдырсақ, біздің балаларымыз «Өрмекші адам» болуды емес, шынайы батыр болуды мақсат тұтар еді», – дейді тәжірибелі психолог Мөлдір Әлімжанова. 

Балалар санасындағы батырдың бейнесі кім? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін алысқа барудың керегі шамалы. Басқа емес, баланың өзіне осы сұрақты қой­саңыз, кішкентай бүлдіршін сізге көп ойланбастан «Человек паук» деп жауап береді. Иә, көптеген кино, мультфильм жанрынан белгілі «Өрмекші адамның» торы осылайша, талай қазақ баласының санасын шырмап алып жатыр. Баламен әрі қарай сөйлессеңіз, «батырлардың» ті­зімін Халк, трансформер сынды бізге бел­гісіз роботтар атымен жалғай түсуге бар.

Ендеше батырлар жыры, ертегі атау­лының балалардың қалыптасуына бағыт көрсететін рухани азық екенін ұмытпауы­мыз керек. Осыны әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыздың жыршылық пен шешендік өнерді балаға кішкентайынан дарытқан тамаша философиясын заманауи үлгіде жалғастыруға міндеттіміз. 

Тағы бір қосарымыз, ертегі терапиясы – әлем туралы білімдер мен ондағы өзара қарым-қатынастар жүйесінің сырын ай­рықша ашу. Батыс елдерінің психологтері ертегі терапияның бала денсаулығы үшін пайдасы зор екендігін де дәлелдеп шықты. 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы