Тыныштық күзетіндегі түйткіл

Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстан қауіпсіз елдер санатынан шығып қалды. Жаһандық бейбітшілікті жақтау индексінде республикамыз жаһандық рейтингте 97-орынға сырғыды. Бұрын 64-орында болатын.

Дегенмен, құзырлы органдар қылмыстың барлық дерлік түрі бойынша төмендегенін мәлімдейді. Онда неге халықаралық сарапшылар елдің қауіпсіздігіне сенбейді? Мемлекет халық пен халықаралық қоғамдастықтың сенімін қайтару үшін не істеуі керек? Осы орайда келесі жылы іске қосылатын «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің» 5 жылдық бағдарламасы нені өзгертпек?

Қазақстандағы қылмыстың дина­микасына, құрылымына және деңгейіне қатысты қылмыстық-құқықтық статис­тиканы талдау көрсеткендей, соңғы 5 жыл ішінде, яғни 2018-2022 жылдары елде құқықбұзушылықтың кемігені байқалады. Нақтыласақ, олардың саны 2018 жылғы 292,2 мыңнан 2022 жылы 157,4 мыңға дейін азайды.

Осы кезеңде қылмыстық құқықбұзу­шы­лықтардан зардап шеккен адамдардың саны да 1,7 есеге қысқарды. Яғни көрсеткіш 2018 жылғы 242,8 мыңнан 2022 жылы 136,9 мыңға дейін төмендеді. Назар аударар жайт, Қазақстанда қылмыстан ер азаматтарға көп нұқсан келеді екен. Қылмыстан зардап шеккен әйелдер саны бесжылдықта 116,7 мыңнан 64,1 мыңға дейін, ерлер саны 126,1 мыңнан 72,8 мың­ға дейін азайды.

Елімізде зорлық-зомбылық қылмыс­тарының төмендеуі байқалады. Бірақ қылмыс салдарынан қаза тапқан адамдар­дың саны көп болып тұр: 5 жылда 2546-дан 2358-ге дейін шамалы кеміді. Жыл сайын қылмыскерлер қолынан екі мыңнан астам адамның өлетіні көңілге қаяу салады.

«Жалпы, талданып отырған кезеңде кісі өлтіру саны 823-тен 520-ға дейін, ден­саулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 2 198-ден 1 840-қа дейін, зорлау – 3 еседей немесе 1130-дан 386 оқиғаға дейін қыс­қарды. Пайдакүнемдік, зорлық-зомбылық қылмыстары, соның ішінде қарақшылық 580-ден 177-ге дейін, тонау 8091-ден 2404-ке дейін, ал ұрлық саны 3 еседен астамға не­месе 180,1 мыңнан 58,8 мыңға дейін күрт азайды», – деп мәлім етті Ішкі істер министрлігі.

Әйтсе де, сарапшылар да, қатардағы адамдар да полицияның кейбір қызметкері статистиканы өсірмеу үшін шағымды қабылдамайтынына, қабылданған өтінішті кері қайтарып алуға шақыратынына назар аудартып жүр. Мұндай тәсілмен төмен­детілген статистика бақ емес, сор болса керек.

Қорқыныштысы сол, есірткі саудасы да ғаламторға шығып, оның шексіз, көлеңкелі өрісін белсенді игеріп жатыр. Ондағы күреске нашар жабдықталған қазақ­стандық құқық қорғау органдарының қауқары жете бермейді. Ведомство дерегінше, қазіргі кезде ішкі істер орган­дарын­да компьютерлік техникамен жарақ­тан­дырылу үлесі өте төмен және қажетті нормативтің небары 44 пайызын құрайды.

«Интернет пен электрондық төлем жүйелерінің мүмкіндіктерін есірткі сату­шылар белсенді қолданады. Анықталған есірткі қылмыстарының жалпы саны, интернетте есірткіні насихаттау және тарату фактілері ұлғайып барады. Сонымен қатар мұндай қылмыстар үшін кінәлілерді анықтау және жауапқа тарту өте қиын. Мұның сыртында есірткіні синтетикалық  препараттар ауыстырып жатыр. Олардың өндірісі де, сату бағасы да арзан әрі мұн­дай препараттарды тәркілеу көлемі гео­метрия­лық прогрессиямен өсуде: 2018 жылы 1,8 келі ғана синтетикалық есірткі тәркіленсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 228,6 келіге дейін күрт өсті», деп хабарлады ІІМ мамандары.

Қайтпек керек?

Қанды қаңтар оқиғалары Қазақстан­дағы тұрақтылық мен қауіпсіздіктің тым әлжуаз екенін көрсетті. 2022 жылы Жаһан­дық бейбітшілікті жақтау индексінде Қазақ­стан қауіпсіздік рейтингінде 97-орын­ға құлдырады. Бұрын 64-орынға дейін көтерілген және қауіпсіздік деңгейі жоғары елдер санатында саналатын. Сырт көз сыншы осылай бағалады. Мұны билік органдары растайды. 

Ұлттық статистика бюросы жүргізетін халықтың полицияға деген сенім деңгейі туралы әлеуметтік зерттеулер қорытын­дысы да төмендеген. Зерттеу көрсеткендей, полицияны «қорғаным» деп санайтын қазақстандықтардың үлесі 2019 жылғы 89,5%-дан (оның ішінде толық сенетіндер – 38,3%, ішінара – 51,2%) 2022 жылы 74,6%-ға дейін (36,4% және 39%) төмендеп кетті. 

2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын орындау мақсатында Жоғары аудиторлық палата жүргізген зерттеулер Қазақстан халқының үлкен бөлігі бүгінде өз басына, мүлкіне және қоғамдық тұрақ­ты­лыққа қатысты қауіпсіздікті сезінбей­тінін паш етті. Палатаның мәліметінше, тіпті зұлмат індет, жаһандық пандемия жайлаған 2020 жылдың өзінде қазақстан­дық­тардың 62,2 пайызы осы үш тұрғыда өзін қауіпсіз сезініпті. Ал 2022 жылы олардың үлесі – 60,3 пайыздан төмен түсіп кеткен. 

Құқық қорғау органдарына сенімді қайтару үшін қылмыстың барлық түрімен күрес пәрменді жүргізілуі керек. ІІМ әзірлеген «Қоғаммен әріптестікте қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағдарламалық құжатының жобасы ары қарай пысықталуда. Оның аясында қандай шаралар қолға алынатыны аталған тұжырымдаманы іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспарының ақырғы нұсқасы қабылданған соң белгілі болмақ.

Әзірге ІІМ оның аясында бірнеше бастама ұсынып отыр. Мысалы, бүгінде ішкі нарықта бірдей IMEI кодтары бар құрылғылар табылуда. Бұл алаяқтардың таптырмай, жазадан жалтарып кетуіне көмектеседі. Оны болдырмау үшін 2025 жылдан бастап, телефондарды әкелу және сату тәртібін құқықтық және практикалық реттеу жоспарланған. Бұған қоса, 2025 жылы банктердегі тексеру рәсіміне ұқсас, байланыс операторларының SIM-карталарды тіркеу кезінде абоненттерді биометриялық сәйкестендіруін енгізуі көзделеді. 2026 жылдан бастап, Қазақстан Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмысқа қарсы конвенциясына қосылмақ. Сөйтіп, 2028 жылға шейін ақпараттық-коммуни­кация­лық жүйелерді пайдаланып жасалған қылмыстарға қарсы іс-қимылда халық­ара­лық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. 

2025 жылы Үкімет жанынан Есірткі тұтынуды және есірткіге тәуелділік про­филактикасы жөніндегі қызметті үйлестіру жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық орталықты құру жоспарында бар. Басқа да кешенді шаралар қарастырылып жатыр. 

Полицей мұңын кім тыңдар?

Ішкі істер органдарының ардагері Серікбай Сұлтан бағдарлама әзірлеуші­лерді барынша батылырақ болуға шақырды. Өйткені қоғам қауіпсіздікті күшейту шараларының ертең емес, дәл қазір қолға алынғанын талап етті. Ал жаңа бесжылдық тұжырымдама жобасында көп­теген шара тек 2025 жылы қолға алын­бақ.

«Бәлкім, ол кезде кім бар, кім жоқ деп отырған шығар. ІІМ тегеурінді іс-қимылға жедел кіріскені абзал. Бүгінде елде жасалатын қылмыстардың 80 пайыздайын ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, жым­қыру құрайды. Мұның бәрі қара­пайым бұқараға барынша жақын, соларға мейлінше зиян келтіретін қылмыстар. Қылмыскерлер онсыз да дағдарыстан титықтаған халыққа алапат зардап кел­ті­руде. Халық биліктің өзін қорғағанын қа­жет етеді. Қорған болуға тиісті полиция­ның өзі қорғансыз. Абай облысын жайла­ған тілсіз жау өрт сөндірушілердің ауыр жағдайын паш етті. Біздің салада да жағдай ұқсас. Көліксіз, қара жаяу жүрген поли­цейлер жетерлік. Материалдық-техника­лық жарақтандырылуы нашар деңгейде. Себебі полицияның аумақтың бөлімше­лерін қаржыландыру негізінен әкімдіктер­дің мойнына жүктелген, ал олардың қар­жылық мүмкіндігі шектеулі», – деді сала ардагері.

Сарапшы тағы бір мәселеге назар аудартты: жасыратыны жоқ, азаматтар полиция бөлімдеріне барудан сескенеді. Өйткені олардың көбісі әбден тозығы жеткен, тіпті апаттық жағдайға таяған, түсі де, іші де суық ғимараттарда орналасқан. Аймақ түгіл, Астанада да осылай. Маман­ның байламынша, ішкі істер орган­дарының ғимараттармен, қоймалармен, қару-жарақты, айғақ заттарды, архивті сақтау орындарымен жете жабдықталмауы азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапа­сына кері әсер етеді. Мысалы, басқаны айтпағанда, бірқатар бөлімдерде архивке жолданған құжаттарды кері алғызғанда, одан көктің иісі мүңкіп, қолқаны қаба­тыны құпия емес. 

Қазақстандықтар мұндай ескірген, ұсқынсыз, үрейлі нысандарға бас сұққысы келмейді, содан болған қылмысқа қол сілтей салуы мүмкін. Қазір ІІМ жүйесінде жұмыс істеп тұрған ғимараттардың тең жартысы, 50 пайызы өткен ғасырларда салынған. Тіпті, сонау ХІХ ғасырда тұрғызылғаны жетерлік. Олардың бәрі дерлік тозығы жеткен және жарамсыз күйде. Тағы 30 пайызы – қолданыстағы стан­дарттарға, яғни техникалық, санитар­лық, пайдалану нормалары, өрт қауіпсіздігі талаптары, инженерлік-техникалық бе­рік­тік және терроризмге қарсы қорғаныс бойынша заманауи талаптарға сәйкес келмейді.

Сала ардагерлері биліктен ең алдымен тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамта­масыз ететін қызметкерлерге қамқорлық жасауды сұрайды. Полицейлер өзге күштік құрылымдардағы әріптестерінен әлде­қайда аз еңбекақы алады, демек, унифи­кация жүргізу қажет. Қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде біраз нысанына нұқсан келді. Жалпы алғанда, республика бойынша кем дегенде полицияға арналған 225 ғимаратты жаңадан салу талап етіледі. Оның ішінде 6-уы – облыстық ішкі істер департаменті, 84-і – қалалық және ау­дандық органдардың ғимараты. Сонымен қатар ішкі істер органдарының барлық дерлік ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.

Елде тұрақтылық шайқалып, қылмыс өршігенде қоғамның барлық қаһары, сыны полицияға бағытталады. Шынында, салада қалыптасқан ауыр ахуалға Қаржы және Ұлттық экономика министр­лігін­дегілердің қатысы бар. Бюджетті қалып­тастыру кезінде полицияның көптеген шығысын жете қаржыландырмайды. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен полиция объектілерін салу жөніндегі ІІМ бастамалары сонау 2015 жылдан бері қолдау таппай келеді. 

Елдос СЕНБАЙ