Түркістан облысы: Бәйдібек ауданы тұрғындарының өтініштері қаралды

Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым, ауылшаруашылық, интернет, жұмысқа орналасу мәселелерін алға тартты.

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауыл округі Мыңбұлақ елді мекенінде кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауын өткізді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, ұйымдастырылған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиевтің төрағалығымен 26-дан астам облыстық департамент, басқарма, жергілікті мемлекеттік мекеме қызметкерлері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары тұрғындардың арыз-өтініштерін қабылдады. 

Оларға бәйдібектік 88 тұрғын өз мәселесін айтып көкейтесті сауалдарын жолдады. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі  инфрақұрылым, ауылшаруашылық, интернет, жұмысқа орналасу мәселелерін алға тартты. Ойын, спорт алаңшаларын салу жөнінде де тұрғындар өз сұрақтарын айтты. 

Жергілікті халықтың толғандырған мәселесі қатарында ауданның өзекті проблемасына айналған Мыңбұлақ ауыл округі Қайнарбұлақ ауылындағы су жинайтын мұнара және қосалқы трансформатор қажеттігі, Мыңбұлақ және Мәдениет ауылында 1970 жылдары қойылған электр ағаш бағаналарын ауыстыру мәселелері айтылды.

Арыс-Түркістан каналының бойындағы Р-14-3 бұлақтан шыққан жерінде 1 км жерде лоток жоқтығына байланысты, жаңадан лоток салу қажеттігі де бар.

Жалпы алғанда 88 тұрғын бір емес бірнеше проблемаларды ортаға салып көңілге қонымды жауаптарын алды. Әр облыстық және аудандық мемлекеттік қызметкерлер мен халық қалаулылары барлық өтініштерді қабылдау кезінде оңтайлы шешіліп, қаралуды талап ететін өтініштерді хаттамаға түсіріп, оң шешілуіне дейін бақылауға алды.