«Алтын орда» біздің қолымызға өтті» – Алматыда базарды 30 шақты ер адам торуылдап жүр

Алматы облысында орналасқан «Алтын орда» базары үшін талас-тартыс толастамай тұр.

Бұл жолы базар басшылығы күзетшілермен келісе алмай, «қорқытып-үркітті» деп шағымданды. Айтуларынша, сауда орны  аумағын күзетуге рұқсат бермесе, әлдебіреулер күнде келіп ашық доқ көрсетіп жүр. Полицияға да шағым жазылған. Құзырлы орындар қазір тексеріп жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Телеарнаның дерегінше, еңгезердей жігіттің 30 шақтысы соңғы бір аптадан бері «Алтын орданың» аумағын айналшықтап жүр. «Бұл жақты күзету біздің қолымызға өтті, өз еріктеріңмен кетпесеңдер, обалы өздеріңе», – деп үркітеді дейді базар басшылығы. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ресми түрде жалданғандар да әбден зәрезап болған. 

«Егер кетпейтін болсаңдар, сыртта Газель, арнайы және жылдам қимылдайтын жасағымыз тұр. Өз еркіңізбен кетіп қалуға болады» деп қорқытты. 14 маусымнан бастап «Алтын ордада», күндіз-түні осында. Біз де күндіз-түні осындамыз. Ешқайда, үйге барған жоқпыз. Ары-бері кетеді, ары-бері айналып жүр», – дейді күзетші Әсет Егембаев.   

Кетпей жүрген күзетшілерді телеарна тілшісі де көрген. Тек мән-жайды айтуға олар құлықсыз. Бұрылып қарай бергенде тұра қашты. Базар шетіндегі талдардың ортасына тығылып, жоқ болды. 

«Осындай қоқан-лоқы жасап жүр. Біз базарды аламыз. Сонымен оның бәрін заңды түрде сот арқылы шешілетініне сенеміз. Қандай жағдай болса да, заң жүзінде жазаланады. Бұлар келгелі базарда тыныштық жоқ. Елдің мазасы кетіп жатыр. Екі күн бұрын «Сәлем» базары өртенді. Осы жағдайларға қатысы бар ма деп ойлаймыз», – дейді «Алтын орда» базары директорының міндетін атқарушы Ермек Омаров.

Бұл жағдайға қатысты базар әкімшілігі құзырлы органға арызданған. Алматы облысының Полиция департаменті тексеріс басталғанын жеткізді. 

«Қазір Қарасай ауданының полиция басқармасының қызметкерлері аталған фактіні тексеріп жатыр. Жағдайды тексеру нәтижесі, оқиғаның обьективті және жан-жақты зерттеу үшін құқықтық баға беріледі», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин. 

Бұған дейін «Алтын орда» базарының әкімшілігі "Бұл базарға көз тігіп отырғандар көп"  деген еді.

Фото: ratel.kz