Қызылша қайта өршіді

Дәрігерлер дабыл қағуда.

Биыл елімізде қызылшамен ауырғандар көбейіп кетті. Коронавирус пан­демиясы кезінде қызылшаға қарсы вакцина алу көрсеткіші төмендеп, оны жұқтырып алуы мүмкін жандар қатары артқан. Өйткені жұқпалы ін­дет оған қарсы иммунитеті жоқ ор­тада жылдам таралады. Алайда бұл вирустық инфекциядан көп зардап егетіндер – балалар. Біз осы саланың мамандарымен сөйлесіп, ата-ана­лар баласы ауырса, неге мән беруі керектігін, аурудың бетін қалай қай­тару керектігі жөнінде ақыл-кеңес­теріне құлақ түрген болатынбыз.

Ауырғандар қатары көбейіп барады

Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда 2018 жылы қызылшамен ауырғандар көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 3,2 болды. Жұқпалы аурудың өршіген кезі 2019 жыл болатын. Оны жұқтырғандар саны 22 есе артып, 100 адамға шаққанда 71,8-ге жетті. Сол жылдары балалар арасында қызылша көрсеткіші аса жоғары болды. 100 мың тұрғынға шаққанда Астанада – 250,36, Шымкентте – 302,26, Маңғыстау облысында – 210,7, Түркістан облысында – 54,47 ауру тіркелді. Алғаш рет елдімізде жаңа B3 мен D8 штамындағы вирустың жаңа генотипі тіркелді. 12 және 23 айлық балалардың вакцинамен аз қамтылуына байланысты B3 мен D8 штамдары аса ауыр өтіп, шетінегендер көрсеткіші жоғары болды.

Осындай мәліметтерге көз салсақ, жұқпалы індет 2005 жылы да қатты өршігенін көреміз. Сол кезде 16 119 адам ауырды. Ал 2015 жыл – 2,3 мың адам осы дерті жұқтырған болатын. Биылғы жыл да осындай қызылшаның күшейген кезеңіне тура келіп тұр.  

ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтің ғылыми-практикалық орталығының мәліметтеріне сенсек, 14 маусымдағы соңғы деректерге сәйкес елімізде медицина мекемелерінде 3 мыңға жуық адам «қызылша белгілері бар» деген күдікпен тексерілген. Соның ішінде 1 144 пациенттен жұқпалы індет анықталды.

«Алматы қаласы аурулары саны көптігі­мен тізімнің басында тұр. Қалада 593 адам ауырған. Екінші орында ауырған­дар саны бойынша Алматы облысы – 170. Одан кейінгі орында Жамбыл облысы – 87, Атырау облысында – 78 адам тіркелген. Қалған өңірлерде ауырғандар саны елуге де жетпейді», – дейді орталықтың эпидемиологі Екатерина Василевская.

Айта кетерлігі, әлемде қызылша өршіп барады. Өйткені ауырған 35 адам инфек­цияны шетелден жұқтырып келген. Ондай елдердің қатарында – Ресей, Түркия, Мысыр, БАӘ, Сауд Арабия, Өзбекстан, Тәжікстан бар.   
Эпидемиолог Екатерина Васи­левская­ның айтуынша, ауырғандардың ішінде 1 124-і бір жасқа толмаған бала болса, 818-і бір жастан 14 жасқа дейінгілер. 32-сі 14-тен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Яғни, қызылшамен ауырғандардың дені балалар болып отыр. Сондықтан жұқпалы індеттен сақтанып жүру, оның белгісі болса, үйде емдеймін деп уақыт созбай медициналық мекемеге және білікті дәрігерге жүгіну қажет. Өйткені ауру бала­ларда ауыр өтеді және бірден жағдайды ауырлатып, меңдеп кетеді дейді мамандар.    



Қызылшаның емдейтін арнайы препарат жоқ

Қызылша жұққанда денеге қызыл бөртпе шығып, ол іріңдеп жарыла бастайды. Ауырған баланың жағдайы нашарлап, интоксикация, жөтел күшейеді. Жедел асқынатын аса жұқпалы вирустық инфекция ауа арқылы таралады. Қызылша жұққан баланың дене қызуы 38-40°C дейін көтеріліп, мұрыны, көзі, тамағы қабынады, интоксикация болады. Дауыс қырылдап шықпай қалады, құрғақ жөтел пайда болады. Жарыққа сезімталдық артып, қабақ, мұрыны, еріні ісіп кетеді.
Инкубациялық кезең жасырын өтеді әрі бірнеше аптаға созылады. Осы аралықта оны жұқтырушы вирусты айналасын­дағыларға жұқтырып жүргенін білмей қалуы мүмкін. Вирус мұрын қуысындағы сілемейді, тыныс жолдарында болады, түшкіргенде немесе жөтелген кезде ауаға таралады. Бір қызығы, 3 айға толмаған сәбилер анасынан пассив иммунитетті қабылдайды, соның арқасында індетті жұқтырмайды. Алайда анасы қызылшамен ауырмаған немесе екпе алмаған болса, мұндай сәбиге вирус тез жұғады. Қызыл­шамен бір рет ауырғанда өмір бойғы им­мунитет қалыптасады.
Айта кетерлігі, қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ. Алайда ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының сарапшылар кеңесі ұсынуымен 2016 жылы емдеу хаттамасы бекітілген.
Оның қауіпті екеніне тағы бір дәлел – әлемдегі кішкене бала өлімінің басты себептерінің бірі ретінде осы қызылша айтылады. Инфекцияны жұқтырған 5 жасқа дейінгі балалардың 30 пайызында жағдай өте ауыр болған.
Бұрын қызылшамен ауырмаған және екпе алмаған адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары екені белгілі.
«Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынуға әкеліп соғатындықтан қауіпті. Олардың көбі медициналық көмекке кеш жүгінеді және ілеспе ауру болған жағдайда соңы өлімге әкелуі мүмкін», – дейді Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасының Пульмонология бөлімшесінің жоғары санатты дәрігер Айнұр Аманбаева.
 Науқас жатқан бөлме күн сайын 30-45 минут желдетіледі. Аурумен байланыста болған гамма-глобулин алған балалар 7-18 күнге, алмағандар және 6 айға дейінгі балалар 7-21 күнге оқшауланады. Тағы бір қызық тұсы, бұрын қызылшамен ауырған балалар оқшауланбайтын және оларға қатысты профилактикалық шаралар жүргізілмейтін. Өйткені олардың ағзасын­да ауруға қарсы тұратын өмірлік иммунитет бар.  Қызылша жұқтырған адам аурудың сезінбесе де, 9-10 күннен соң айналасын­дағыларға жұқтыра бастайды. «Бөрткен ұшып кетті» делінгеннен кейін 4 күннен соң ғана вирусты тарату тоқталады. Дене қызуы бөрткен шыққанда жоғары болып, тек 3-4 күнен соң ғана қалпына келеді. Алайда кей жағдайда қызу қайта көтерілуі мүмкін. Қызыл бөртпе шыққан кезде жағдай ауырлай түседі. Бөртудің беті қайтқан кезде 1-15 апта кезінде қызыл белгілердің орны қатайып, қарайып кетеді. Сырқаттың беті бері қарап, жағдайы жақсара бастайды.
«Қызылша ларингит, ларинго­трахео­бронхит, пневмония, отит, стоматит секілді аурулармен қабаттасса, кез келген уақытта ауыр жағдайға өтіп кетеді. Қызылша энцефалиті аса ауыр өтетіндіктен науқас көз жұмуы мүмкін. Ал өте сирек асқыну кезінде энцефаломиелит жұлынға зақым келтіреді», – дейді аталмыш медицина мекемесінің Жаңа туған балалар патология­сы бөлімшесінің дәрігері Нарима Аяп­бергенова.
Оның айтуынша, қызылшадан баланы қорғаудың ең тиімді жалғыз тәсілі – вакцина жасау. Елімізде қызылшаға қарсы вакцинация екі рет жүргізіледі. Алғашқы екпе 1 жаста, ревакцинация 6 жаста жаса­лады. Қызылшаға қарсы вакцина қыза­мыққа және паротитке (ККП) қарсы компонентпен біріктіріледі.
Сондықтан ата-ана баласының қызыл­шаға қарсы екпені уақытында алуын ба­қылауы тиіс.  


Оқшаулау мен емдеу індетке тосқауыл болады

Жоғарыда қызылшаны емдеп жазып жіберетін арнайы препарат жоқ екенін айтып өттік. Сондықтан дәрігерлер науқасқа витаминдерге бай тағамдар, көкөніс-жеміс беруді, дене қызуы жоғары болатындықтан, су немесе шырынды көп мөлшерде ішу қажет деп кеңес береді.
«Қызылшаны клиникалық-эпи­дем­иоло­гиялық жағдайына қарай анықтайды. Бір жасқа толмаған балаларды жіті респираторлық инфекциямен ауырғандар емдеу мекемелерінде бұған дейін болған-болмағаны ескеріледі.  Ларингит, ринит, конъюнктивитпен ауырғандарда жоғарыда айтылғандай, белгілер 2-3 күн байқалса, дәрігер қызылша болуы мүмкін деген күдікпен қарауы керек», – дейді аталмыш аурухананының педиатры Ақмарал Тоғыз­баева.
Оның айтуынша, қызылша анықталған сырқатты емдеу аурудың ауырлық дең­гейіне байланысты. Асқыну байқалмаған, жеңіл және орташа дәрежеде ауырғандар Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету маманның бақылауында ұстап, үйінде емделеді. Жасына байла­ныс­ты дозадағы дене қызуын түсіретін пре­параттар тағайындалады. Қатаң гигиена­лық күтім керек. Ауыз қуысы, көз, мұрын­ның сілемей қабығын, мұрын, құлақ, көзді қайнатылған жылы сумен күніне бірнеше рет жуу керек. Дәрігер антиоксидант, антигистамин, вирусқа қарсы және имму­но­модулятор тағайындайды. Науқастың жағдайы ауыр болса, оны ауруханаға жатқызып, стационарда емдейді. Оларды инфек­циялық аурухана немесе көппро­фильді аурухана болса, инфекциялық бөлімшеге жатқызады.
Ауыр індеттің алдын алу вакцинасы табылып, оны міндетті екпе қатарына жатқызған ғасырда қызылша әлі ортамызда жүр. Былай қарасаң, ол қауіпті індет са­на­тын жойылып кетуі тиіс еді. Алайда көп­шіліктің бейқамдығы, вакцинаға қатысты сенімсіздік, аурудың алдын алуға бағыт­талған шаралардың мүлтіксіз орындалмауы салдарынан індет араға жылдар салып балалардың денсаулығына қауіп төндіру­мен келеді. Ендеше салғырт­тықтан ары­лып, сақ болайық, баламыздың аман-сау жүруі біздің жауапкершілігімізге бай­ланысты.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ