Газ құю бекетіндегі жарылыс: Күйік шалған екі жұмысшының халі мүшкіл

Оқыс оқиға Шемонаиха қаласында болды.

Шығыс Қазақстан облысында газ құю бекеті жарылды. Апаттың арты алапат өртке ұласып, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Газ толтырылған цистерна атылып, жарықшақтары жарты шақырым жерге дейін ұшқан. Қазір газ құю бекеті орналасқан аумақ жабылып, көлік қозғалысы дереу тоқтатылған. 

Айналадағы үйлерге зақым келген жоқ. Бірақ бес көлік бүлінді. Сондай-ақ денесін күйік шалған төрт адам жергілікті ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің ішінде газ құю бекетінің 48-49 жастағы екі қызметкері бар. 

Дәрігерлердің айтуынша, өрт ошағында қалған сол екі науқастың жағдайы тым ауыр. Ал денесінің 15- 20 пайызын күйік шалған тағы екі науқас дәрігерлердің бақылауында. Олардың өміріне еш қауіп жоқ. Қазір мамандар жарылыстың неден болғанын анықтап жатыр.