Қолынан келсе, қонышынан басады

Алматы облысында жер қатынастары, білім беру және құрылыс салаларын жем­қорлық жайлаған.

 Бұл жайын­да өңірдегі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл мә­селелері жөніндегі ведомс­твоаралық комиссия­ның ке­зекті отырысында ай­тылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің Ал­маты облысы бойынша депар­таменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бекиновтің баян­дамасында айтылғандай, жыл басынан бері сыбайлас жемқор­лық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері көңіл көншітпейді.  Облыста 5 айда 19 сыбайлас жемқорлық фактісі тір­келген. Жемқорлыққа жол берген 27 лауазымды тұлға әшкереленсе, олардың үшеуі – облыстық деңгейдегі басшылар.

Түрлі заңсыздықтармен жұрт­тың наразылығын тудырып, дау-дамайдан бел ортасында жүре­тіндердің қатарында жер комис­сия­ларының мүшелері бар. Жерге қатысты мәселенің барлығы осы комиссияның қоры­тындысы бойынша ше­шіледі. Осыдан барып мұндағылар бармақ басты, көз қыстыға жол беріп, күмәнді шешім шығаруға бейім келеді. Әсіресе туған-туыс­тарына, тамыр-таныстарына бүйрегі бұра­тындар көп. Жер бөлуді майлы жілікке айналды­рып алғандар үшін жер телім­дерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту де түк те емес. Әдетте, мұндай істерде соңғы сөз сот залында айтылып тынады.

– Алматы облысында жердің нысаналы мақсатын заңсыз өз­герту деректері Алматы қаласы маңында орналасқан. Мұндай деректер Қарасай, Талғар, Іле және Жам­был аудан­дарында жиі анықталды. Өйткені мұндай жердің бағасы тым қымбат. Мәселен, осы аудан­дарда 5,5 мың гектар жер 56 мың телімге бөлініп сатылып кеткен. 30 мыңға жуық жер телімдерінде құрылыс жұ­мыстары басталып та кеткен екен, – деді Нұрсұлтан Берікұлы.
Сондай-ақ отырыс барысында облыста жер саласын басқаруды автоматтандыруға бөлінген қар­жының да тиімсіз пайдаланылғаны айтылып қалды.

– 2019 жылы елімізде геопор­тал жүйесін енгізу бойынша жұ­мыстар басталған еді. Облыста бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2019 жылдың желтоқсанында аталған геопортал облыс әкіміне таныстырылыпты. Алайда бүгінде портал толық жұмыс істемей тұр. Автомат­тан­дырылуы жоспарланған 10 мем­лекеттік қызметтің біреуі де қол­даныста жоқ, – деді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бо­йынша департаменті басшысы­ның орынбасары.

Жиында сыбайлас жемқор­лықтың білім беру саласында мүлде шектен шығып кеткені де сөз болды. Жас ұрпаққа тәрбие беріп, заманға сай білім беру мін­детті жүктелген педагогтер ара­сында жалған құжат көрсетуден тайынбайтындары жеткілікті.

Олар біліктілігін арттыру үшін жалған санат жасатқандар тым көбейген. Мәселен, Балқаш ауда­нында 64 және Еңбекшіқазақ ауданында 291 мұғалімге берілген санаттар Ұлттық тестілеу орталы­ғының базасында тіркелмеген бо­лып шықты. Осылайша, жалған санат жасатқан мұғалімдерге жалақы ретінде қазынадан 430 млн теңгеден астам қаражат қо­сымша төленіп кеткен. Білім сала­сында жалақы төлеу кезінде мемлекеттік қаржыны жымқыру дерегі де азаймай тұр. Сонымен қатар облыста 110 адамның жал­ған дипломмен мемлекеттік ор­гандар мен ұйымдарда қызмет атқарып жүргені жаға ұстатады.

Комиссия отырысында об­лыс­тық Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахманов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масының басшысы Ермек Баймұхамбетовтің баяндамалары тыңдалды.  

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы