«AMANAT» кеңесі: Электронды темекі – ұлт саулығына төнген қауіп

Вейп пен электронды темекінің ұлт саулығына келтіретін залалы кәдімгі темекіден асып түспесе, кем емес.

Сондықтан оған болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін заңнамалық шаралармен қарсы тұратын уақыт жетті. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысына қатысушылар осындай қорытындыға келді.

Вейп пен электронды темекінің адам денсаулығына төндіретін қаупі туралы елімізде бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, партиялықтар бұған дейін де жаңа жаман әдетке қарсы күресу үшін бірқатар жүйелі іс-шара ұсынған болатын.

«Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Ол  электронды темекінің бәріне қолжетімді және оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнаманың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерінің,  прокуратураның, «Атамекен» ҰКП және басқа да мекемелердің өкілдерін жинап отырмыз», – деді жиынды ашқан Ж.Сүлейменова.

Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Еділ Жаңбыршин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова және басқалар қатысты.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, вейп шегуді жастар арасында белең алған өзекті мәселелердің қатарына қосуға болады. 

«Өкінішке қарай, бүгінде жастар түрлі жаман әдетке бой алдыруға бейім. Нашақорлық, ойын құмарлық, буллинг және кибербуллингпен қатар вейпинг те үлкен проблемаға айналды. Қазақстан тұтынушылар лигасының ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы 372%-ға өсті. Елімізде вейп сататын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Оларға толықтай тыйым салуды Мәжіліс депутаттары мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қолдады. Бұл жерде біз балаларымыздың болашағын басты орынға қойып отырмыз», – деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр вейппен күрес аясындағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жасалып, жастар арасында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Мәселен, «Мен салауатты өмір салтын ұстанамын!» деген ұранмен марафон өткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, ол оқу орындарының жанында рейдтер жүргізуді, жастар көп жиналатын орындарда вейптерді жарнамалауға тыйым салуды, өңірдегі кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізуді және әкімдіктерге вейптердің зияны туралы баннерлер орналастыруды міндеттеуді ұсынды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник вейптің зияны туралы ғылыми зерттеулерге тоқталды. Сонымен қатар, ол темекі индустриясының нарығы үздіксіз дамып, жаңа өнім түрлері пайда болып жатқанын, оған денсаулық сақтау жүйесі дер кезінде шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

«Жаңа тренд пайда болды. 4-ші буын вейптері тыныс алу жолдарына зақым келтіреді. Зерттеулер бұл өнімнің жоғары уыттылығын көрсетті. Мұндай тұтыну деңгейі никотинге тәуелді азаматтардың жаңа буынының пайда болуына әкелуі мүмкін», – деп атап өтті В.Дудник.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2018 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесіне сәйкес, 15 жастағы ұлдардың 14%-ы және қыздардың 6%-ы вейп шегіп көрген. Бұл зерттеуді 2022 жылы қайталаған кезде вейпті тұтыну көрсеткіші 3,6%-ға күрт өскені анықталды.

«Вейп және электронды темекі шегудің зияны кәдімгі темекіден кем емес. ДДҰ вейп тұтынуды темекі шегумен бірдей деп мойындады. Оларды кәдімгі темекіге арналған «трамплин» деп те санауға болады. Бұған қарсы қандай да бір шара қолдануымыз қажет, әйтпесе, еліміздің болашақ ұрпағынан айырылып қаламыз», – деп түйіндеді Денсаулық сақтау вице-министрі.