Сауран: Парламент Мәжілісінің депутаты жеке қоғамдық қабылдау өткізді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі Ерлан Әбдиев Сауран ауданы Шорнақ ауылы мәдениет үйінде азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауға "AMANAT" партиясы Сауран аудандық филиалы төрағасы С.Асылбеков, аудан әкімдігінің тиісті сала басшылары, ауыл әкімдері  және ауыл тұрғындары қатысты.

Қабылдауға келген аудандық «Зағиптар» қоғамының төрайымы  Г.Исабекова: - І,ІІ топтағы өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтар шипажайларға жолдама алғанда жеке көмекшілерге рұқсат берілмейтінін, себебі оған қаржы бөлінбегенін, сондай-ақ сол шипажайлардағы кейбір қызмет түрлері ақылы, қолжетімді еместігін айтып, зағиптарға жылына біржолғы көмек көрсетілсе деген ұсынысын білдірді.

Азаматтың мәселесін тыңдаған Мәжіліс депутаты Е.Әбдиев аудандық атқарушы билік пен жергілікті өкілді орган басшыларына заңға сай бюджеттен қаржы қарап, мәселені  шешу тетіктерін қарастыруға болатынын жеткізді. Сондай-ақ  азаматтың өтінішіне сәйкес, жылына бірреттік берілетін көмектердің көрсетілетінін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Асылбек мәлімдеді. 

 Шорнақ ауылының тұрғыны А.Баетов туылғаннан көзі  көрмейтінін, өзі тұрып жатқан үйін сары құмырсқа басып, қазіргі таңда апатты жағдайда, құлайын деп тұрғанын, өзі жөндеуден өткізуге шамасының жоқтығын айтып көмек  беруді сұрады.

 Қабылдауға келген Майдантал ауылының тұрғыны Н.Исаханов ауыл жастарына  спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалынса деген өтінішін жеткізді.

Ауылда талантты жастардың көптігін айта келе,  ауылда осы күнге дейін мәдениет үйінің жоқтығын айтып, жаңа мәдениет үйін салуға қолдау көрсетуін сұрады. Сонымен бірге ақжолтай жаңалықтың бірі ауылдағы білім ошағының қазіргі апатты  жағдайын ескерген жергілікті билік өкілдері келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталатынын жеткізген болатын. Бұл жаңалыққа бүкіл ауыл қуанып жатыр. Алайда жаңа құрылыс жұмыстары ескі мектеп орнына салынбай, басқа жерден салынса деген ұсынысын айтты. Ауылда мектеп, спорт орталығы, мәдениет үйін салу үшін арнайы жерлердің құжаттарына дейін дайын екенін айтқан тұрғындар ары қарайғы жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуге қолдау сұрап келгендерін тілге тиек етті.

Шорнақ ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Ашенов ауданымыз құрылғанына 2 жыл болса да осы күнге дейін емхана салынбағанын, аудан тұрғындары Түркістан қаласына сабылып жүргендерін жеткізе келе мәселені қысқа мерзімде шешу керектігін, жері бөлініп қойған, құжаттары дайын екенін, алайда 2024 жылға жоспарланған қаржысын себепсіз 2025 жылға қалдырып отырғанын айтып, мәселені шешіп беруді өтінді. 

   Жібек жолы ауылының тұрғыны Б.Жарылқасынов «Самара-Шымкент» автомобиль тасжолының 2063 шақырым жобасында елді мекенге бұрылатын бұрылыс қойылмаған. Елді мекен тұрғындары және келетін туристер Қызылорда облысына қарай шығу үшін         10 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран елді мекеніне келіп бұрылады. Ал Түркістан бағытынан келетін туристер Сауран қалашығына кіру үшін 15 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылорда облысына қарасты Бесарық елді мекені тұсынан кері бұрылып келуге мәжбүр. Бүгінде «Самара-Шымкент» автомобиль тасжолының 2056 шақырымынан Сауран қалашығына кіріп-шығу үшін бұрылыс орнату қажеттілігі туындауда. Бұл өз кезегінде елді мекен тұрғындарына экономикалық тұрғыдан тиімділігін көрсетеді, оның үстіне Сауран қалашығын туризм саласы ретінде дамыту үшін оң әсерін береді.

Жоғарыдағылардың негізінде, ауыл тұрғындарына күнделікті қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында, аталған мәселелердің оң шешімін табуға өз тарапыңыздан ықпал жасауыңызды сұранамыз.

Халықтың мұң-мұқтажын, ұсынысын мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев  барлық мәселелерді қарап, республика көлемінде қаралатын мәслелерді шешуге  ықпал жасайтынын, ал аудан тарапынан шешілетін мәселелерді сала басшыларына орындауды тапсырды.