1 миллиард теңге жымқырған экс-басшыға қатысты сот үкімі шықты

Тағылған айып куәгерлердің, зардап шеккен тарап пен сот сараптамасының нәтижесінде дәлелденді.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы мен кәсіпкер 9 жылға сотталды. Біріншісі алаяқтыққа сыбайлас болғаны үшін айыпты деп танылса, екіншісі ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «Авиценна-Бурабай» ЖШС басшысының міндетін атқарушы К. мен Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы И. 2017 жылы Бурабай аудандық денсаулық сақтау нысандарын сенімді басқармаға беру туралы келісім орнатты.

Мұның бәрі Г.-мен қылмыстық келісім аясында жүзеге асты.

«Осы келісім аясында ЖШС нормалар мен техникалық сипаттамаларға, сапа көрсеткіштеріне, сонымен қатар Дәрілік заттар, медицина бұйымдары мен фармацевтика қызметтерін ұйымдастыру ережелері мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіне сай келетін жаңа, бұрын пайдаланылмаған медициналық құралдар сатып алуға міндеттелген. Бірақ сотталған азаматтар сапасыз медициналық техниканы орнатып, 1 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырған. Соның салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірілді», деді ведомство өкілдері.

Сот К. әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық деп бағаласа, ал И.  Қылмыстық кодекстің  190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-баптың 5-бөлігі алаяқтыққа сыбайлас болғаны үшін айыпты деп танылды.

Екеуінің де кінәсі куәгерлердің, зардап шеккен тарап пен сот сараптамасының нәтижесінде дәлелденді.

«Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін жағдайларды ескерді: К. мен И.  ант қабылдаған лауазым иелері бола тұра,  қызметін пайдаланып қылмыс жасады, материалдық шығын қайтарылған жоқ. Сот шешімімен К. мен И. 9 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Сонымен қатар К.-нің мүлкі, автокөлігі тәркіленді»,  деп толықтырды ведомство.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2022 жылы осы іс қатысушыларының бірі – Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысына басқа іс бойынша үкім шыққан болатын.

Оған ЖШС директорымен бірге елде төтенше жағдай жарияланған кезде бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, 86,8 млн теңге көлемінде материалдық шығынды өтеу талап етілді.

Сотта бірінші үкімнің күшін екінші үкім мерзімі жоятыны айтылды.