Жамбыл облысының полицейлері Шу ауданы Белбасар ауылының маңындағы құмды аймақта орналасқан «Сарғау» учаскесінде аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтады деген күдікпен 42 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.
Есірткінің заңсыз айналымы арнасының жолын кесу бойынша арнайы операцияны облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткізген болатын.
Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдікті ұсталған учаскеден жалпы салмағы 237 келі 234 грамм есірткі, қарасора бұталары табылып, тәркіленді. Тұрғылықты жері бойынша сарайдан жалпы салмағы 12 келі 640 грамм кептірілген марихуана салынған полипропилен қапшық және жалпы салмағы 24 келі 586 грамм гашиш есірткі заты табылды.
«Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазір осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі, яғни есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қатысты мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады», – деп хабарлады Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.