Қостанай облысында есірткі қойып кетуші ірі партиямен ұсталды

Тәркіленген заттың жалпы салмағы 50 грамнан асады.

Қостанай облысының полицейлері жасырын орынға есірткі қойып кетушіні ірі партиямен ұстады.

"Қарасора-2023" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Рудный қаласының 23 жастағы тұрғынын ұстады. Ол есірткіні жасырын орынға қойып кету арқылы таратқан, – деп хабарлайды Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.

Күдіктіден "PvP" есірткісінің 96 байламы тәркіленді. Сондай-ақ гаражды тексеру кезінде тағы 65 синтетикалық есірткі тәркіленді. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 50 грамнан асады. Күдікті 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қойып кетуші есірткіні Telegram канал арқылы таратып, Рудныйға ғана емес, Лисаковск қаласына да қойып кетіп отырған.