Каспий жағалауындағы өрт сөнді

Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты

Атырау облысында Каспий жағалауындағы бірнеше күнге созылған қамыс өрті сөндірілді.

 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 13 шілдеде сағат 16:00-де қамыс өрті сөндірілген.

«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыш мониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ақпаратына сәйкес, қамыс өртінің жалпы ауданы 910 га болған. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы мен аумақтың сулы, батпақты жерінде қалың өскен қамыс өртін тез сөндіруге кедергі келтірген.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 6 шілдеде анықталған еді.