Тауда адасып кеткен үш жасөспірімді құтқарды

15 шілдеде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Бутаков шатқалына қарай түсіп келе жатқан кезде жолдан адасып кеткен үш жасөспірімді іздеуге шыққан.

2023 жылы 15 шілдеде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Алматы қаласы Медеу ауданының тауларында Букреев шыңынан Бутаков шатқалына қарай түсіп келе жатқан кезде жолдан адасып кеткен үш жасөспірімді іздеуге шықты.

ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 19:43-те туристерді іздеуге 5 адамнан тұратын жедел құтқарушылар тобы, оның ішінде кинологиялық есептоп шықты. Сағат 21:14-те құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, Республикалық жедел-құтқару жасағының көлігіне қарай түсіру жұмыстарын бастады.

"Сағат 23:05-те топ балалармен бірге орман асуына жетіп, төмен түсуді жалғастырды. Сағат 00:19-да құтқарушылар мен балалар Республикалық жедел-құтқару жасағының көлігіне жетті. Бутаков шатқалындағы шлагбаум маңында оларды жасөспірімдердің туыстары күтіп алды", – делінген хабарламада.