Amazon Prime Video-да «Ұлы дала зары» фильмінің тұсаукесері өтті

Фильмнің түсірілу тарихы да өте күрделі атқарылды. Қаржыландыру мәселесі салдарынан түсірілім мен дайындық (постпродакшн) кезеңі 5 жылға созылды.

«Ұлы дала зары» («Плач Великой степи») атты қазақстандық фильм танымал Америкалық «Amazon Prime Video» стриминг платформасына шықты. Жақын арада картинаны «Apple TV», «Tubi» және басқа да цифрлы желілерден көруге мүмкіндік болады.

 «Ұлы дала зары» көркем фильмі қазақ ұлтының басына түскен зұлмат кезеңдердегі тарихи болған шынайы оқиғалар желісіне құрылған туынды. Картинада 1920-30-жылдары қолдан жасалған аштық салдарынан ұлтымыздың 70 пайызы қырылып, 1,5 миллионнан астамы Отанын тастап шет елдерге босып кетуге мәжбүр болған кезеңдегі шынайы оқиғалар суреттеледі.  

«Ұлы дала зары» фильмінің продюсері әрі туынды идеясының авторы Ернар Мәліков пен режиссер Марина Құнарованың картинасының негізгі мақсаты солақай саясаттың салдарынан жазықсыз құрбан болған ата-бабаларымыздың рухының алдында бас иіп аза тұту, олардың аруағына тиісінше құрмет көрсету. Бұл аштық алапатының қасіретінен Қазақстандағы әрбір отбасы жапа шегіп, ажалмен бетпе-бет келіп, туған-туыстарынан айырылды.  

Фильмнің түсірілу тарихы да өте күрделі атқарылды. Қаржыландыру мәселесі салдарынан түсірілім мен дайындық (постпродакшн) кезеңі 5 жылға созылды.   

«Ұлы дала зары» көркем фильмі мемлекеттің ешқандай қолдауы мен көмегінсіз «MG Production Plus» кинокомпаниясының табандылығының арқасында,  продюсер Ернар Мәліковтің жеке қаржысына және «Start Time» краудфандинг платформасында халықтан жиналған қаржының көмегімен жарыққа шықты.  «MG Production Plus»  кинокомпаниясының өкілдері фильмге «Халық фильмі» деген айдар тағып, фильмінің жарыққа шығуына қыруар үлес қосқан бүкіл қазақстандықтарға алғыс білдіреді.  

«Ұлы дала зары» фильмі әлемдік деңгейдегі көптеген беделді кинофестивальдерде топ жарып, АҚШ Сенаты мойындаған жалғыз қазақстандық фильм деп танылды. АҚШ Сенатының бүкіл шығармашылық топқа алғыс білдіре отырып жолдаған ресми хатында  «Ұлы дала зары» (The Crying Steppe) фильмі әлем қауымдастығына қазақ халқының басынан өткен зұлмат кезеңнің қасіретін ұғынуға мүмкіндік береді», – деп көрсетілген.  

«Amazon – Prime Video» стриминг сервис компаниясы «Ұлы дала зары» фильмін сатып алған Американың тұңғыш цифрлы платформасы. «Prime Video» компаниясы «Amazon Prime» сервисіне тіркелу аясында өздері өндіретін және басқа да шығармашылық топтар өндіретін телевизиялық бағдарламаларды, сериалдар мен көркем фильмдерді көруге ақылы мүмкіндік ұсынады.  Сервис әлемнің 200 астам еліне ұсынылған.