Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Бас прокуратурамен байланыста екенін және мәселені бақылауда ұстайтынын айтты
Балаларды қорлаған студент 7 жылға дейін қамалуы мүмкін
913
оқылды

Астанадағы хоспис пациенттері мен мүгедектігі бар балаларды азаптаған медициналық студенттің ісі соңғы сатыда. Айыпталушының өзі әлі де үйқамақта отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірқатар БАҚ хабарлағандай, студент Астана хосписінде деменциясы бар қарт адамдарды ұрып-соғып, нәжісін жеуге мәжбүр еткен. Кейін оңалту орталығында мүгедек балаларды азаптаған.

«Іс бүгінде соңғы сатысында. Нәтижелері бойынша қорытынды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Сонымен қатар, күдіктінің адвокаты материалдармен бір ай бойы танысып жатыр», - деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Бас прокуратурамен байланыста екенін және мәселені бақылауда ұстайтынын айтты.

«Менің ойымша, мұндай әрекеттерге заңның барлық қатаңдығы қарастырылуы керек», - деп толықтырды ол.

Елордалық полиция да қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысу сатысында тұрғанын түсіндірді.

«22 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексі 110-бабы 2-тармағының 2-бөлігі («Азаптау») бойынша тергеліп жатыр. Күдікті 2023 жылдың сәуірінен бастап үй қамауында болды, бұған дейін бұлтартпау шарасы тағайындалған жоқ. Бұл баптың санкциясы 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», - деп хабарлады полиция.