Отбасы құндылығының мәні зор

Соңғы жылдары «Жаңа Қа­зақстан» құру жолында көптеген игі істің жоспарлары бекітіліп, оның негізін қалау жұмыстары жөнінде тұшымды ойлар айтылып келеді.

Осы тұрғыда әр азамат Отанға өз мүмкіндігінше қызмет етуге тиіс. Бұл идеяның түп негізі еліміздің әрбір азаматын отаншыл, жүрегінде ізгілік дәні егілген азат ойшыл, білімді, жаңашыл болуға үндейді. 

Мемлекеттің басты капиталы адам болса, әр адамның азамат болып өсіп, қалыптасуының басты баспалдағы – отбасыдан басталатыны рас. 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр жексен­бісінде елімізде Отбасы күні атап өтіледі. Бұл да елімізде отбасы құндылығының жойылмағанының көрінісі. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған орта­мен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Бұл тұрғыда отбасы құндылықта­рының алатын орны ерекше. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қай­нар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.

Бүгін елі үшін қазақ өркениетін да­мыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, тағы басқа ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сон­дықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Бұл тұрғыда отбасының беріктігі, ын­тымағы мен бірлігінің алатын орны ерек­ше. Мемлекет саясаты да бұл ұғымға баса назар аударып келеді. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. 1998 жылы бұл ұйым ресми түрде Қа­зақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық ко­миссия болып өзгерді. Тиісінше, оның шекарасы мен алар орны кеңейді, құ­қықтық құзіреті өсті. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыста және Астана, Алматы қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық сая­сатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған. Соны негізге алып, облыстар өзінің өңір­лік ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен бірге Қазақ­станда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасы қабылданды. Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. 

Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған от­басылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселердің бірі ретінде тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жас­тар, тас­танды жетім балалар мен «қиын» балалар, отбасын құрмаған немесе ажы­расқан жастар, ата-ана­лардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі секілді мәселелер бар. 

Ұлттық статистика бюросының мына бір соңғы мәліметіне назар аударсақ, был­тырғы қаңтар-желтоқсан айлары ара­лығында елімізде 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажы­расқан екен. Қазір елімізде мыңдаған жал­ғызбасты ана бар екендігі де айтылып жүр. Бұл – алаңдатарлық көр­сеткіш. Өткен бір жылда осы мәлімет бойынша 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда заңды некеге тұрғандар саны 8,4 пайызға азайған. Неке коэф­фициенті 1000 адамға 6,46 пайызды құрайды. Дегенмен ажырасу жағдайы да 2021 жылғы деңгейден 8,1% төмен бо­лыпты. Әрине, отбасындағы ерлі-зайып­ты­лардың ажырасуының азайғаны – қуантарлық жағдай. Бірақ бұл көрсеткіш біздің ел үшін тым көп болып есептеледі. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – қазақ халқының отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбие беру. Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасірет екендігі баршамызға мәлім. Бұл тұрғыда отбасында ұлттық құндылықтардың жетіспеушілік салдарының барын айта кеткен жөн. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сый­ластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, сыпайылық, мәдениеттілік сынды қасиеттер жатады. 

Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы деп есептеуі қажет. Сонда ғана әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі жарқын өмірін өз қолдарымен жасайтын болады.

Наурызбек САРША