Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Өзбекстан футболдан турнир өткізіп тұруға келісті

Ыстықкөлде 18 шілде күні Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан футбол қауымдастығы басшыларының кездесуі өтті. Бұл туралы Қырғыз футбол одағының баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Оған Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, ҚФО президенті Медербек Сыдықов, Түрікменстан футбол федерациясының президенті Арслан Айназаров пен Өзбекстан футбол қауымдастығының вице-президенті Равшан Ирматов қатысты.

Тараптар ынтымақтастықты нығайту жоспарын, ортақ жобалардың негізгі мәселелері, инфрақұрылым, кадр әлеуетін арттыру мен қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Халықаралық дәрежедегі турнирлерді бірге ұйымдастыру, оның ішінде түрлі жас санатындағы командалардың әлем біріншіліктерін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырды.

«Тараптар бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, оның ішінде ақпарат және тәжірибе алмасу да бар. Кездесу барысында қауымдастық жетекшілерінің бәрі серіктестікті жаңа дәрежеге жеткізуге ниетті екендерін білдірді», – деп мәлімдеді ҚФО-дан.

Кездесу қорытындысы бойынша, Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футболын дамытатын жұмыс тобын құру туралы хаттамаға қол қою шешімі қабылданды.