Робототехниканың жас майталмандары

Кейінгі жылдары Қазақстанның зияткер жастары әлемдік дәрежедегі ғылыми додаларда оза шауып жүр.

Әсіресе, соңғы ғылыми трендтердің бірі STEM бағдарламалары мен робототехника саласына ден қою арқылы дүниежүзі ғалымдары жас буынның бойындағы жаңа технологияға, озық инженерияға деген ұшқынды аңғаруға мүмкіндік алып отыр. Оның үстіне жасанды интеллект (АІ), толықтырылған шындық (AR), виртуалды шындық (VR), кеңейтілген шындық (XR) және аралас шындық (MR) сынды жаңа реалитилер мен мүмкіндіктердің дамуы жалпы робототехника саласына тың екпін бергені рас.

Қазақстан бойынша осы саланы оқушылар арасында дамытып, халықаралық додаларға республика бойынша іріктеу өткізіп жүрген ұйымның бірі – USTEM Robotics Foundation. 2017 жылғы Вашингтонда өткен осындай олимпиададан шабыт алған Нұрдәулет Досмағамбет пен Асылбек Мырзахметов бұл шараға ұйытқы болып жүр. Қазақстан бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған жастар «FIRST GLOBAL challenge 2023» атты халықаралық олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ол әлемдік дода биыл 7-10 қазан күндері Сингапурде өтпек. Үндістаннан бастап, Боливия, Малайзия, Словакия, Венесуэла, Вьетнам, Аргентина және тағы басқа елдердің жас инженер-ғалымдары қатысатын бұл турнирге үміткер атанубиік мәртебе, әрі зор жауапкершілік.

Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жас дарындарынан жасақталған «Qial» және «Robust» атты қос команда аталған республикалық іріктеу турниріне қызу дайындықты бастап кетті. Бұл екі топ бүгінгі күнге дейін біраз шыңдалып, бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген. Мәселен, бірінші команда 2022 жылы өткен «FIRST» турнирлеріне (FLL және FTC лигалары бойынша) қатысып, республикалық кезеңде "Core Values" атты номинацияда бас жүлде алса, екінші команда «SMM challenge» атты кезеңде еліміз бойынша бас жүлдеге ие болған.

«Robust» командасықазірдің өзінде тәжірибелі, белсенді, талабы зор топ. Social Media Challenge жобасының тапсырмасын орындау кезінде сутегі тақырыбында зерттеу жүргізді. Инновациялық жоба жасап, адамзат үшін маңызды сала энергия мен атмосфера мәселелерінің шешімін ұсына білді. «Qial» және «Robust» командалары өздері әлі оқушы болса да, өзге білім ордаларындағы ұландармен білгенімен бөлісіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың 22 шілдесінде Назарбаев университетінің алаңында ауыл балалары үшін ұйымдастырылған «Айналайын» лагеріне арнайы барып, замандастарына Arduino және Lego бағдарламалары бойынша шеберлік сыныптарын жүргізді. Өздері секілді оқушылармен бірге роботтар құрап, «Робо-сумо» сайысын өткізді. Бұл екі топтың белсенді жастары өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы да (@qial_fgckz және @robust_fgckz) пайдалы контентпен бөлісуді қолға алды.

Әр команданың жас құрамы әртүрлі, бұлжастар арасындағы білім мен тәжірибе сабақтастығының алғышарты. Мәселен, «Qial» командасының капитаны Малика Хасен 10-сыныпта оқыса, Наджмудин Әдиханов пен Семен Чистяков 8-сыныптың, Камила Сағыныш 9-сыныптың, ал Әли Қайырдықожа 11-сыныптың оқушысы.

Халықаралық робототехника олимпиадасына қатысу міндетін жоспарлап отырған бұл қос команданың жетекшілеріНазарбаев зияткерлік мектептерінің алдыңғы түлектері Нұрбол Мақтаев мен Мирас Мұратханов. Олар бүгінгі таңда Назарбаев университетінде оқитын студенттер болса да, өздерінен кейінгі буынға қолдау білдіріп, маңызды шараға дайындауға уақыт тауып жүр.

«Біздің басты мақсатымызробототехника мен STEM саласына үлес қосу, өзіміз сияқты басқа оқушыларға үлгі болып, бұл саланы танымал ету. Сонымен қатар, біз үшін FIRST турнирлерібұл жаңа мүмкіндіктер мен білім қайнары. Жаңа жобалар мен роботтарды құрастырған кезде қызықты, әрі пайдалы тәжірбие аламыз. Роботтарды жобалау мен құрастырудан бастап, бағдарламалау мен тапсырмаларды шешуге дейінгі тапсырмаларды орындауға әзірміз. Осылайша жаңа технология әлеміне өз үлесімізді қосуды қалаймыз. Қазақстанның туын Сингапурда көтергіміз келеді», дейді «Qial» командасының капитаны Малика Хасен.

Қазіргі таңда олимпиаданың алдын-ала онлайн іріктеу кезеңіне 100-ден астам команда тіркеліп үлгерген, олардан тек 40 команда республикалық этапқа өтеді. Сол 100 үміткердің бірі, астаналық Назарбаев зияткерлік мектебінен жасақталған «Qial» және «Robust» құрама командалары қыркүйекте өтетін республикалық турнирге тас-түйін дайынбыз дейді. Қазақстанның цифрлық болашағы мен әлеуеті осындай озық технологияға талабы зор, бейімі мол, болашақ инженер-ғалымдардың қолында екені шындық. Барлық жас дарынға тек қана сәттілік тілейміз.

Алма Сайлауқызы