Атырауда өндірісте 16 адам жарақат алып, 3 жұмысшы мерт болған

Облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарда 38 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген.

Атырау облысында өндірістегі оқыс оқиға салдарынан 16 адам жарақат алып, 3 жұмысшы көз жұмған.

«Облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарда 38 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 16 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Ал үш адам мерт болды. Өндірістік жазатайым оқиғаларға қатысты тергеу материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», – деді Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Думан Әбеуов.

Жыл басынан бергі алты айда 1 075 арыз-өтініш түскен. Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары оның 912-сін қараған.

«583 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. Басқармада тіркелген шағымдар мен қабылданған профилактикалық бақылау шаралары негізінде еңбек инспекторлары тарапынан 124 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен еңбек заңнамасын бұзудың 162 дерегі анықталды. Кемшілікті жою үшін 66 ұйғарым енгізіліп, 57 әкімшілік хаттама толтырылды. Кінәлілерге 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір айыппұлдың 5,7 млн теңгесі өндірілді», – деп мәлім етті Д.Әбеуов.