Елордалық құтқарушылар жанып жатқан пәтерден жас жігітті алып шықты

Өрт сөндірушілердің күшімен өрт 16.28-де оқшауланып, 16.44-те сөндірілді

Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, пәтерде болған жас жігіт құтқарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

«Бүгін сағат 15:55-те Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері Байтұрсынов көшесінде пәтер өртеніп жатқаны туралы келіп түскен хабарламаға шықты. 6 минуттан кейін шақыру орнына кезекші қарауыл келді. Онда 30 ш.м. аумақта үй жиһаздары, заттар жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілердің күшімен өрт 16.28-де оқшауланып, 16.44-те сөндірілді. Өртті сөндіру барысында елордалық өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден 1996 жылғы пәтер иесі – ер адамды құтқарды. Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамының 22 адамы және 4 техникасы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.