Қызылорда облысында жүк пойызымен саяхаттамақ болған шетелдік туристер ұсталды

Олардың үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

Жүк пойызына отырып Қызылорданы айналып шықпақ болған нидерландылық 24 жастағы жігіт пен германиялық 25 жастағы бойжеткен ұсталды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлаған.

Шиелі стансасындағы желілік полиция бөліміне «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС қызметкерлерінен  вагондардың бірінде бейтаныс адамдар жүргені жөнінде хабарлама келіп түскен.

Тексеру кезінде көлік полицейлері Батыс Еуропадан келген екі туристі анықтады. Олар жүк пойызына «қызық көріп, көңіл көтеру үшін мінгенін» айтқан.

«Құқық бұзушылардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы 1-бөлігі (Жүк пойыздарында заңсыз жүру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

Көлік полициясының қызметкерлері баспалдақпен, вагондардың шатырымен және басқа да адамның жүруіне қолайсыз жерлерден жүрудің ақыры қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.