Ақтөбедегі шіркеуден қайырымдылық қорабын ұрлаған азамат ұсталды

Ақтөбелік полицейлер тәулік ішінде шіркеуде болған қайырымдылық қорапшасының ұрлығына қатысты қылмысты ашты.

Осыған дейін 3 тамыз күні сағат 15:00 шамасында Мәметова көшесіндегі Әулие Николай шіркеуінде белгісіз адамдар үй-жайға кіріп, қайырымдылық қорабын сындырып, 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлап кеткені туралы хабарланған еді. 

"Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, аумақты тексерді және куәгерлерден жауап алды. Тәртіп сақшылары шіркеуде орнатылған бейнекамералардың көмегімен тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтап, Мұғалжар ауданының 30 жастағы тұрғынын ұстады", – деп мәлімдеді ІІМ-нен.

ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.