Майра Мұхамедқызы Шымкентке барғалы әлі пәтер жалдап жүргенін айтты

Опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкенттегі опера және балет театрындағы директор қызметіне Астанадан арнайы көшіп барғалы пәтер жалдап жүргенін айтты.

Ол бұл жайында Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтып берген. Әншінің айтуынша, оған Шымкенттен үй беруге осыдан үш жыл бұрын уәде берілген екен.

  Шымкентке көшуге отбасымнан рұқсат алдым. Қызымның бірінші сыныптан бастап өз ортасы, достары болды. Жолдасымның да өз ортасы бар. Маған осы ұсыныс түскен кезде, біз көлікте едік. Тұтқаны қойдым да, тып-тыныш болып қалдым. Жұбайым "Кім хабарласты? Неге демің ішіңе түсіп, тып-тыныш болып қалды?" деді. Мен "Білмеймін. Маған бір ұсыныс келді. Егер сендер қолдасаңдар, мен барамын, жұмыс істеймін. Ал қолдамасаңдар, осы өмірімізді жалғастырамыз",  дедім.

Екеуі тынышталып қалды. Сосын күйеуім "Ол қандай жұмыс?" деді. Мен "Қоныс аударамыз. Шымкент опера және балет театрының директоры болуға ұсыныс түсіп жатыр" дедім. Қызым Аида мен күйеуім қолдау көрсетіп, менің қолымнан келетінін айтты. Сосын біз келдік.

Үшеуміз және мысығымыз бар. Әне пәтер береді, міне береді деп қонақүйде 15 күн жаттық. Бір үйді тауып, жалдадық. Пәтер әлі берген жоқ. Пәтер береміз деп сөз берді, бірақ әлі орындаған жоқ. "Үй салып жатыр" дейді, бірақ әлі біткен жоқ. Үш жылға жуық уақыт бойы үй әлі біткен жоқ. Білмеймін, неге екенін", деді Майра Мұхамедқызы.

фото:/qazreiting.kz