Сенат депутаттарының ел өңірлеріне сапары жалғасып жатыр

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысындағы бірқатар нысандарда болды. Сенатор «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Боранқұл ауылында салынып жатқан спортзалы құрылысының барысымен, сондай-ақ орта мектеп пен балабақшаның жағдайымен танысты.

Депутат Сарға ауылындағы су тазарту қондырғысының құрылысы алаңында да болды. Сүйіндік Алдашев құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен және сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге болатынын атап өтті. Депутат сапар барысында Бейнеу аудандық мұрағатының қызметкерлерімен де кездесті. Жүздесу кезінде сала мамандары мекеменің жеке тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқаны және ол жердің құжаттарды сақтау талаптарына сәйкес келмейтінін әрі ғимараттың ауданы өте тар екенін атап өтті.

Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Мұхтар Әуезов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай үйінде болды. Онда Алматы қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағаларымен және Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығымен кездесті.

Жүздесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың наурыз айында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында алға қойған тапсырмалары талқыланған негізгі тақырыптың бірі болды. Кездесуге қатысушылар сонымен қатар қаржы бөлудегі өзекті мәселелерді және шығарылатын отандық кітаптардың таралымын ұлғайтуды, тарихи қолжазбаларды дұрыс сақтау және мұрағаттауға арналған арнайы жабдықтарды сатып алу жайын талқылады.

Қалалық мәслихат депутаттары арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, қаладағы тығыз құрылыс, отандық өнімді өндіру және сату мәселелерін көтерді. Сенатор кездесу соңында ҚР Парламенті Сенатының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың табысын арттыруға бағытталған алдағы заң шығару жұмысы туралы айтып берді.

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданында болды. Сапар аясында аудандық мәслихат депутаттарымен, ауылдық округ әкімдерімен, мектеп және балабақша меңгерушілерімен кездесті. Сенатор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еліміздің дамуының негізгі бағыттарын іске асырудағы Сенат атқарған жұмыстар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Депутат сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ырғыз ауылында жылыжай салу барысымен танысты. Бауыржан Қаниев «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін көрсететін мысалдардың көбейе түсуі аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сенат депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Телікөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Депутат жүздесу кезінде Парламенттегі заң шығару жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Сонымен қатар өңірге газ жеткізудегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ жайылым жерлердің жай-күйін талқылады. Сенатор бұл мәселе жақын арада қабылданатын жаңа заң жобасы аясында шешілетінін атап өтті. Сонымен бірге Руслан Рүстемов Байсын елді мекеніндегі спорт кешені мен 4 тұрғын үй және орта мектептің құрылысының барысымен танысты.