Астаналық кәсіпкерлерді сыйақы беруге мәжбүрлеген алаяқ ұсталды

Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр

Өзін фискалды орган қызметкері ретінде таныстырып, елордалық кәсіпкерлерден сыйақы талап етіп келген алаяқ ұсталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

«ҚМА Ішкі қауіпсіздік департаменті елордалық экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп өзін фискалдық органдардың қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді ойдан шығарылған қамқорлық үшін заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген азаматты ұстады.

Жүргізіліп жатқан тергеу материалдарына сәйкес, күдікті кәсіпкерге моральдық қысым көрсетіп, 300 мың теңге ақша талап еткен.

Бұл жайт мессенджердегі хабарлама және аудиожазбалармен расталады.

Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген мәліметте.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының талаптарына орай тергеу барысының өзге мәліметтері жарияланған жоқ.

Өздерін фискалды және басқа органдардың қызметкері ретінде таныстырғандардың заңсыз сыйақы талап ету, қысым көрсету фактілеріне тап болған кәсіпкерлер Қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 телефоны арқылы call-орталығына хабарласа алады.