Атырауда алаяқ үй сатамын деген тұрғынның 500 мың теңгесін қалтасына басқан

Атыраулық ерлі-зайыптылар баспана сатып алу мақсатында сайттағы жарнама арқылы хабарласып, алаяққа алданған.

Интернетке "қолжетімді бағада үйімді шұғыл сатамын" деп жалған хабарлама жариялаған алаяқ ерлі-зайыптыларға үйді өзгелерге сатып жібермеуі үшін кепілдікке 500 мың теңге аударуды талап еткен. 

Жәбірленушілер жоқ үйге ақша аударып сан соғып қалғанын түсінген соң полицейлерге хабарлаған. 

Интернет-алаяқтық әрекетіне барған күдіктіні атыраулық полицейлер Ақтау қаласынан анықтап, ұстады. 

"Алаяқ ақша аударымдары арқылы түрлі банк есепшоттарын пайдаланып,  ізін суытпақ болған. Анықтау барысында күдіктінің өзге де интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысы бар екені белгілі болды. Қазір  ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген Атырау облысы Полиция  департаменті таратқан мәліметте. 

Фото: gov.kz

Баян Жанұзақова