Тоғыз жастағы бала алты жастағы баланы атып өлтірді

АҚШ-тың Флорида штатында 9 жастағы бала үйдің ішінен тауып алған тапаншамен 6 жасар баланы басынан атқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Бала дүйсенбі күні ауруханаға жеткізіліп, артынша көп ұзамай қайтыс болған. Оқиғаның қалай болғаны тексеріліп жатыр.

Атыс кезінде үйде ересек адам болған, одан жауап алынды. Полиция зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін хабарлады. Әзір ешкімге айып тағылған жоқ.

Gun Violence Archive ұйымының мәліметі бойынша, биыл АҚШ-та 17 жасқа дейінгі 1114-тен астам балалар мен жасөспірімдер атыс қаруынан қаза тапты, тағы 3065 бала жарақат алды. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының дерекқорына сәйкес, 2021 жылы 1 мен 18 жас аралығындағы балалар арасындағы өлімнің шамамен 19%-ы атыс қаруынан болған.

2020 жылы АҚШ-та басқа себептерден гөрі оқ жарақатынан қаза тапқан балалар көп. Тіпті оқ тиіп қаза тапқандар саны жол-көлік оқиғасы құрбандарының санынан асып түскен.

Фото: nbcnews.com