«Алматы облысында әйел адам көз жұмды»: Артында мүгедек күйеуі мен 2 баласы қалды

Қайғылы жағдай жайлы ер адамның қарындасы Құралай Төремұратова баяндап берді.

18 тамыз күні Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылында екінші топтағы мүгедек Төремұратов Мұхтардың үйі өртеніп кетті. Әйелі Береке Қамчыбек екі баласын құтқарамын деп жүріп, өртенген үйден шыға алмай қалған, – деп хабарлады nur.kz.

Қайғылы жағдай жайлы ер адамның қарындасы Құралай Төремұратова баяндап берді.

«Оқиға жұма күні болды. Мен үйге сағат 20:10-да барғанымда толықтай жанып кеткен еді. Үйдің жарығынан ақау кетіп, өрт басталған. Ол уақытта ағам үйде болмаған. Ал жеңгем балаларын құтқарамын деп жүріп, өзі үйден шыға алмай қалған. Мен тұрмыстамын, бөлек тұрамын. Үй бес бөлмелі, өзіміз салған едік. Жеңгемді 21 тамыз күні жер қойнына тапсырдық», – деді қарындасы Құралай Төремұратова.

Қарындасының айтуынша, 1987 жылы туған Мұхтар Төремұратов екінші топ мүгедегі. 2022 жылдың сәуірінде ота жасалған, ішегі жоқ, осы себепті де жұмыссыз. Ал жеңгесі Береке 1991 жылы дүниеге келген екен.

Қазір Берекені жоқтап, екінші топтағы мүгедектігі бар Төремұратов Мұхтар мен оның ұлдары алты жастағы Өмірсерік пен төрт жастағы Әнуар қалды.

«Көпшіліктен қазір ағам мен балаларына қолдан келгенше қаржылай немесе үй алып беруге көмек көрсетуін сұраймын. Денсаулығы сыр берген ағам мен екі кішкентай баласы далада қалды», – деді Құралай Төремұратова.

фото: zakon.kz