Түркістанда дүкен иесі сатушысының атынан онлайн несие рәсімдеген

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу оның атынан 1,5 млн теңге онлайн несие рәсімдеп алған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында алаяқтық жасаған ер адам анықталды. Ол жәбірленушінің жұмыс берушісі – дүкен иесі болып шықты. Кәсіпкер сауданың кіріс-шығыс есебін тексеремін деген сылтаумен қол астындағы сатушының телефонын алып, банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеген. Ал ақшаны өз пайдасына жұмсап жіберген.

Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Осы қылмыс үшін 4 мың АЕК-қа (13 800 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.