«12 құс фабрикасының жұмысы тоқтатылды» – Ерлан Саиров ауыл шаруашылығындағы күрделі жағдайды айтты

Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі AMANAT фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырды.

Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр.

Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысы бойынша 1600 диқан субсидиялауды ала алмай отыр.

Осы жылы аграрийлерді қолдауға субсидия өткен жылмен салыстырғанда (426,1 млрд теңге) 5,4%-ға аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидиялау 23%-ға, пестицидтерге 27%-ға, мал шаруашылығына 21%-ға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20%-ға қысқарды.

Ауылшаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы, өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ.

Мұндай жағдайларда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес.

Бүгінде Ресей Федерациясы сүт өңдеушілерге тоннасына 25 доллар көмек жасайды, ал Қазақстандағы көмек тоннасына 5 доллардан аспайды.

Келесі жылдан бастап Ресей сүт өнімдерін экспорттаушылар үшін көлік шығындарын 100% субсидиялайды.

Ал бізде субсидиялар шектеулі, екінші дәрежедегі банкілер кредиттеу мөлшерлемесі өте жоғары, нәтижесінде қазақстандық өндіріс қысқарып, тоқтатылуда.

Агропродукт (Алматы) және Маслодел (СҚО) екі сүт өңдеу ірі кәсіпорны жабылды.

12 құс фабрикасының жұмысы тоқтатылып, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан құс өнімі импорты артып, Қытайдан сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелінуде.

Ақпан-шілде айларында ресей және беларусь шұжық өнімдерінің бағасы Қазақстан нарығында екі есеге төмендеп кетті. Қазақстандық ет кәсіпорындары қоймаларға жұмыс істеуде.

Күнбағыс тұқымына экспорттық кеден салығын енгізу нарықтық бағаның 30%-ға төмендеуіне әкелді. Қабылданған шаралар Қазақстанның емес, шет ел өндірушілерінің «пайдасына» жұмыс істеп кетті, май өңдеу зауыттары күнбағысты шетелден тасуда.

Мал шаруашылығында да жағдай өте ауыр!

Тірі малды әкетуге тыйым салу, ірі қараны экспортты квота жасау шаралары да теріс нәтижелер берді.

Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды.

Соның нәтижесінде малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақшалары жоқ!

Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен!

Қазақстанның астық нарығындағы жағдай да тұрақсыз.

Азықтық бидайдың орташа құны өткен жылмен салыстырғанда 1,5 -2 есеге арзандап кетті, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін.

Яғни, еліміздің Аграрлық саласы жүйелі дағдарыс алдында тұр!

AMANAT партиясы отандық аграрийлерді осынау қиыншылық шеңгелінен құтқару қажет деп есептейді.

 

Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!

Сіз осы саланың барлық сатысынан өткен тәжірибелі мамансыз.

Біздің аграрлық секторға, ауыл адамына адами қамқорлық қажет!

Елге бірігіп қамқорлық жасайық!

Орын алып отырған олқылықтарды депутат корпусымен бірігіп, фермерлерді, сарапшыларды қатыстыра отырып, нақты шешім қабылдау маңызды!

Халықтың шыдамы шегіне жетіп тұр!" – деді депутат Ерлан Саиров.