Қазақстан қашан әлемдегі жетекші агроорталықтардың біріне айналады?

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу.

Ауыл шаруашылығы – бұл экономиканың ең күрделі әрі негізгі салаларының бірі. Ал бүгінде Қазақстанның алдында аталған секторда нақты жетістіктерге қол жеткізу міндеті тұр. Отандық ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор болғанымен, сала жан-жақты ауқымды дамыту шараларын қажет етеді. Бұл туралы Қасым Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтқан болатын.

«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 %-ға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы әлеуеті зор. Мұны отандық зерттеушілер де, шетелдік ғалымдар да растайды. Алайда бүгінге дейін саланың күшін толық пайдалана алмай келеміз. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі жаһандық тәжірибе департаментінің директоры Мартен ван Ньюоп  те былтыр қараша айында Forbes.kz-ке берген сұхбатында айтқан болатын. 

«Әлемде 2 млрд-тан астам адам тойып тамақтанбайды. Жыл өткен сайын азық-түлікке деген сұраныс арта беретіні сөзсіз. Осы орайда Қазақстанның аталған бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Егер Қазақстан инновациялар мен тұрақтылыққа инвестиция салатын болса, сондай-ақ сауда шекараларына қатысты саясатты реттесе, әлемдік деңгейдегі азық-түлік жеткізушісіне айнала алады» – деген еді Мартен ван Ньюоп.

ҚР Үкіметінің ресми ақпаратына сүйенсек, бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңге болатын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. 

Бұған дейін Премьер-министр Әлихан Смайылов биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемінің 140 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын айтқан болатын. Шаруаларға 419 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен бөлініп, егін орағына қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Президент Жолдауда айтқандай, елімізге нарықты ұстап тұру және экспортты ұлғайту үшін оның ауқымын, сапасы мен жүйелілігін қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар қажет. Сондықтан отандық агрофирмаларды үлкейтуді ынталандыру, сондай-ақ өзара тиімді шартты негізге ала отырып трансұлттық корпорациялармен байланысты нығайту маңызды.

«Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент ауылдың дамуы үшін шағын шаруашылықтарды қолдау маңызды екеніне тоқталып, бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының қажеттілігі дәлелденгенін айтты. Осылайша, алдағы уақытта жоба аясында тек жеңілдетілген несиелер беру ғана емес, сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын ынталандыру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді.        

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту есебінен ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталған еді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 17 мың микрокредит беру және ауылда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру үшін 100 млрд теңге бөлінді. 2024 жылы осы мақсатта қосымша тағы 100 млрд теңге бөлінбек. 

Жобаны іске асыру үшін Үкімет тарапынан да қажетті шаралар қабылданды. Мысалы, жобаның заңнамалық негіз қалыптастырылып, жеңілдетілген кредиттеуге бюджет қаражаты салынды. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау шеңберінде 50%-ға дейін көтерілген нормативтер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жеңілдетілген салық салу көзделген.  

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауылды елді мекендердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналға. Жоба аясында несиелер биылдан бастап беріле бастады. Бағдарлама ауыл тұрғындарының өз бизнесін дамытуына немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуға, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу шараларына бағытталған. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жыл. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама негізінде бекітіледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5%. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алғандарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Ауыл шаруашылығының тиісті деңгейде дамуына елдегі агроғылымның жағдайы да тікелей әсер етеді. Шілде айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында агроғылым мен отандық бизнестің өзара байланысы жөнінде қоғамдық талқылау өткен болатын. Жиын барысында қазақастандық компаниялар арасындағы отандық агроғылымға деген сұрансытың төмен екені сөз болды.

Осы ретте ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тілектес Есполов ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде біршама қиындық барын айтты. Мәселен бүгінгі таңда бұл көрсеткіш небәрі 8%-ды құрайды.

«Аграрлық ғылымның қолда бар әлеуеті толық пайдаланылмайды. Ал бұл аграрлық өндірістің дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістің өнімділігі төмен, сәйкесінше шығын да көп. Елдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін экономиканың неғұрлым инновациялық және әртараптандырылған моделіне көшу қажет. Алайда, аграрлық өндіріс салалары мен осы бағытта жүргізілетін еліміздегі ғылыми-зерттеу инновацияларының өзара байланысы жоқтың қасы. Ғылымның мұндай негізгі мәселесі басқарудың бір жүйге реттелмеуі, яғни, тиімсіздігі әсер етіп отыр. Себебі, 30 жыл ішінде аграрлық ғылым бірнеше рет қайта құрудан өтті. 2002 жылға дейін ол Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы болып Білім министрлігінің құрамында болды. Бұл орталық кейінірек ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына ауыстырылып, тоғыз аймақтық ғылыми өндірістік орталыққа бөлінді. Оны басқаруды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылым департаменті жүзеге асырды. 2007 жылы «ҚазАгроИнновация» АҚ құрылды, ал 2015 жылы қайтадан қайта құру жұмысы басталды. Сондықтан ең алдымен осы мәселені бір жақты ету керек», – деді Тілектес Есполов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында агроғылымға көңіл бөлудің маңызы зор екенін айтқан болатын.

«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз» – деп түсіндірді Президент.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру туралы жоспарында агроғылымды дамыту шараларына тоқталған болатын. Министрлік тарапынан, «Білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, дамыған аграрлық елдердің тәжірибесі бойынша аграрлық ғылым жүйесін реформалау жүргізілмек. Осылайша, ғылымның нақты өндірістен алшақтығын жеңу көзделген. 

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын вертикалды интеграцияланған Агротехнологиялық хабқа айналдыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, танымал шетелдік Агрономия орталықтарымен толыққанды ғылыми-практикалық ынтымақтастық орнатып, жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдау көрсетіліп, білім беру бағдарламаларын аграрлық сектордың қажеттіліктеріне бейімделмек. 

Жалпы айтқанда, елдегі ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін нығайтып, ауқымды жетістіктерге жету үшін ең алдымен белгіленген тапсырмалар мен тиісті шаралардың уақтылы және сапалы орындалуы маңызды.