Заң саласының сардары

ІІМ Алматы академиясында, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті мен Қайнар университетінде заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Қайыржановқа арналған ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер жүйелі түрде өткізіліп келеді.

  “Адам баласы адам баласынан ой-санасы, ақыл-айласы, ілім-білімі, ар-намысы, мінез-құлқымен дараланып тұрады" , – деп дана Абай атамыз айтқандай, замандас құрбыларынан оза туған халқымыздың көрнекті заңгері,  Қазақстан  Республикасына еңбегi сiңген ғылым мен техника қайраткері, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигi, заң ғылымының докторы, профессор Елеген ҚАЙЫРЖАНОВ (1933-2011) елге танымал тұғырлы тұлға еді…

    Артынан өшпес із қалдырған заң саласының сардары Елеген Қайыржанұлының туғанына 90 жыл толып отыр.

    Генерал Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының кафедра меңгерушісі, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті Заң факультетінің деканы, ІІМ Алматы академиясының диссертациялық кеңесінің төрағасы және өмірінің соңына дейін Қайнар университетінің бірінші проректоры қызметтерін атқарды.

     Оның ғылыми жетекшілігімен көптеген танымал қазақстандық заңгерлер докторлық диссертация қорғады, 50-ден астам шәкірті заң ғылымдарының докторы және кандидаты дәрежесіне ие болды. 

   250-ден астам ғылыми мақалалардың, cонымен бірге 10-нан астам монографиялар мен оқулықтардың авторы. 

     Қазіргі кезеңдегі қылмыстық құқық және криминология ғылымдарының дамуына Елеген Қайыржановтың сіңірген еңбегі ерен. Ол  – қылмыстық құқық негізін салушылардың бірі ретінде ғылыми ортада танымал тұлға. Сондай-ақ меншікке қарсы қылмыстардың әлемдік деңгейі, бухгалтерлік есепті жүргізу ережесін бұзудың түрлері мен оған ықпал ететін себептерді жою шаралары, бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың теориялық мәселелері, отандық қылмыстық құқық теориясындағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығының өзекті мәселелері сияқты   тақырыптар бойынша қорғалған диссертациялық еңбектерге жетекшілік еткенін айтқанымыз абзал. Сондай-ақ Қазақстан Президенті жанындағы Құқық саясаты бойынша кеңестің белсенді мүшесі ретінда Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізудегі еңбегін заңгерлер қауымдастығы жоғары бағалағанына талай куә болған едік.

    “Өмір бізден өтіп кетсе, жұрт еңбектен ескерсін” деп ұлы ақын айтқандай, Елекеңнің еңбектерін алыс-жақын  шетелдердің ғалымдары мен отандық оқымыстылар жоғары бағалап, ғалымның өзіндік ерекшеліктерімен, криминогендік процестерді нәзік түсінуімен ерекшеленетін оқулықтары бойынша заңгер-кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарында дәрістер оқылуда.

   ІІМ Алматы академиясында, әл-Фараби ұлттық университеті мен Қайнар университетінде заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Қайыржановқа арналған ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Алқалы ғылыми жиындарда ғалымның еңбектерінде көтерілген өзекті мәселелері сөз болып, оның идеяларын одан әрі дамытып, әлі зерделей  түсетін ғылыми-зерттеулер қолға алынып келеді.

    Том-томдаған туындылары, жоғары оқу орындарына арналып жазылған оқулықтары заңгер-кадрлар дайындауда кәдеге асып тұрғанда, заң саласының сардары, академик Елеген Қайыржановтың екінші өмірі жалғаса бермек….

   Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі.