Вейп – ұлт саулығына төнген қауіп

Соңғы уақытта электронды темекілер сәнге айналып үлгерді. Оның себебі де жоқ емес.

Өйткені электронды темекілердің иісі шықпайды, барлық тұтынушы үшін қолжетімді, кез келген дүкендердің сөрелерінде еркін саудаланады. Әсіресе, бұл өнімге жастар мен жасөспірімдер қатты әуес болып, тіпті мектеп оқушыларының арасында кеңінен етек алып кеткені жасырын емес. Осыған қатысты қоғам белсенділері мен медицина саласының мамандары, депутаттар жиі мәселе көтеріп, аталған өнімнің еркін саудалануына тыйым салуды ұсынды.

Тыйым салу қиын ба?

Жуырда Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі Қазақстанда вейпке тыйым салуды ұсынып, жасөспірімдердің бұл құрылғыларға әуестігі күннен-күнге ар­тып, эпидемия ауқымына жақын­да­ға­ны­н жария еткен еді. Ал маусым айында өткен Ұлттық құрылтай жиынында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вейптерді есірткіге теңеп, одан нашақорлыққа бір ғана қадам қала­ты­нын ашық айтқан болатын. Онда «Ұлт ден­саулығына қатер төндірген кесір – вейп­тер мен электронды сигареттердің әралуан түрі. Өкінішке қарай, оларды т­ұтыну, әсіресе жасөспірімдер арасында сән­ге айналды. Олардың кең қол­же­тім­ділігі және оларды «зиянсыз» деп жалған дәріп­тейтін агрессивті жарнама бұған ықпал етіп отыр», – деген болатын. Осы ар­қылы қазақтың жас ұрпағына салмақты қауіп төнгенін айтқан Президент Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйе­лі, пәрменді шаралар қабылдауды жүк­те­ген еді. Енді осыған қатысты Үкімет оты­рыс­тарында бірнеше кездесу өткізіліп, қоғам үшін, соның ішінде жастарға қа­тыс­ты маңызды шешім қабылданбақ. Елі­міз электронды сигареттерге толықтай тыйым салмақ ниетте. 

Вейптерге тыйым салу жұмысын өт­кен шақырылымдағы Парламент Мә­жі­лі­­­сінің депутаттары Зарина Қамасова мен Еділ Жаңбыршин бастаған еді. Қазіргі ша­қырылымда Гүлдара Нұрымова, Дәулет Тұр­лыханов, Нұргүл Тау сынды мәжіліс­мен­дер вейптердің қаншалықты жас ұр­пақ­ты улап отырғаны жөнінде дабыл қақ­­қан болатын. Сонымен қатар Ден­сау­лық сақтау министрлігі, «Темекісіз» қо­ғам­дық қорының басшысы Жәмилә Са­ды­қова, «Салауатты одақ» бастамашыл бір­лестігінің сарапшылары да Үкіметке сауал жолдап, аталған мәселеге қатысты өз пайымдарын білдірді. Өз кезегінде сауалға Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов та жауап бер­ген. Ол Үкімет вейп өнімдердің ай­налымына тыйым салу үшін нор­ма­тивтік-құқықтық актілерге түзетулер ен­г­ізілетінін хабарлаған.

«Вейп өнімдердің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма рет­теу­ші­лік әсерді талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдады. Қоғамдық талқы­лау қорытындысында тиісті кодекске тү­­­зетулер ұсынылатын болады. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы Мәжіліс қарауында жатыр. Оның ая­сында «вейп» және «электронды сига­рета» ұғымдарын ажыратуға, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйым­дарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін, вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті кү­шей­туге қатысты түзетулер талқылануда», – де­лінген жауапта.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық кодексіне тү­зетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзір­леген. Бұл құжат былтыр дайындалған еді. Енді Үкімет «никотинді, хош иістен­дір­­­­гіштерді және оларға арналған сұйық­тықтарды тұтынудың электронды жүйеле­рі­нің айналымына толық тыйым салуға» ниетті. Заң жобасы да соған сай өзгертілді. Оның аясында Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабының 9-тармағында «Шегілмейтін те­­мекі бұйымдарын, тұтынудың элект­рон­ды жүйелерін, хош иіс­тендіргіштер мен оларға арналған сұйық­тықтарды әке­лу­ге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады» делінген. Енді тиісті заң Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл туралы жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Министр және оның ве­домствосы бұл заңды қолдайтынын айт­ты. Ведомство басшысының келтірген де­ректеріне сай, елімізде ересек тұр­ғын­дардың 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ы артық дене салмағынан, ал 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі – 10%-ды, энергетикалық, тәтті су­­­сындарды ішуі – 17,5%-ды құрайды.

Министр атағандай, темекіні тұ­тыну­ды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап темекі өнімдеріне акциздің став­ка­лары көтерілген. 

«Тұтынудың электронды жүйелерінің (вейп­тер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша Мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейін­гі адамдарға энергетикалық сусын­дар­ды сатуға тыйым салуды енгізу жөнін­де­гі норманы талқылау рәсімі жүргізіліп ж­а­тыр», – деді ол.

Сонымен қатар Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспан да нашақор­лық, ойын құ­марлық, буллинг және ки­бер­буллинг­пен қатар вейпинг те үлкен проб­лемаға ай­налғанын айтқан болатын. 

Осы ретте біз Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, Қазақстанға вейп­тер мен олардың құрамдас бөліктерін әке­летін, әрбір азық-түлік дүкеніне вейп­тер жеткізетін дистрибьюторлардың кең же­лісі, сондай-ақ оларды әлеуметтік же­лі­лерде және интернетте жарнамалайтын мар­кетингтік агенттіктердің ықпалы зор. 

«Вейп – нарықта үлкен пайда табады, өйт­кені олар 2 долларға әкелініп, 8 дол­лар­ға және одан жоғары бағада сатылады. Ең маңыздысы, бенефициарлар халық­ара­­­­лық темекі компаниялары. Олар тұты­ну­шылар сапына мектеп оқу­шыларын да тар­тып алды. Өйткені химиялық никотин балаларды осы қауіпті өнімге мәңгі бай­лайды. Вейп – бұл өте қауіпті өнім, ең ал­дымен никотин, пропиленгликоль, гли­­­церин және тағы 2 000-нан астам хи­мия­лық қоспа түрі бар. Дегенмен олардың басым көпшілігі анық­талмаған. Химиктер вейптердің ішінен қауіп­ті алты химиялық қоспаны тапқан, оның ішінде бұрын-соңды электронды те­мекіде кездеспеген үш химиялық затты анықтаған. Хош иістер де өте зиянды. Мы­салы, циннамальдегид, 2,5-диме­тил­пи­разин (шоколад хош иісі) және 2,3-пентандион тыныс алу жолдарының қа­бынуына және иммунологиялық реак­циялардың өзгеруіне ықпал етеді. Диа­цетил «попкорн өкпесі» деп аталатын сыртқатты туды­ратын қос­па», – дейді ол. Со­ны­мен қатар мәжіліс­мен вейп қыздырыл­ған кезде 2  мыңнан астам химиялық зат­тың қоспасы қауіпті салдарға әке­летінін жеткізді. 

«Вейптер никотинге тәуелділікті арт­тырады, өйткені бірреттік вейпте те­мекіге қарағанда он есе көп никотин бар және тәуелділіктің даму жылдамдығы никотин концентрациясына тура пропорционал. Жасөспірімнің темекі шегуші болу қаупі бо­лашақта 2-4 есе артады», – дейді Гүл­дара Нұрымова.

 

Лоббистердің көздегені не?

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясы Аналар кеңесі төрағасы­ның орынбасары, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңе­стің мүшесі Баян Ахатай да вейптерге тыйым салу мақсатында петиция жария­лаған еді. Ол вейптердің еркін саудаға түскендігіне наразы белсенділердің бірі ретінде әлеуметтік желіде өз ойын жиі ортаға салып келеді. Біз Баян Ахатайдың пікірін сұраған едік. Петиция авторы өнім әдетте Қазақстанға заңсыз, белгісіз мөлшерде әкелінетінін, оны кім өндіретінін және құрамында не барын ешкім білмейтінін айтады. Осыған қарамастан петиция сауда нүктелерін бақылауды күшейту және заңсыз өнімді әкелуді реттеуді емес, республика аума­ғында вейптерге толық тыйым салуды көздейтінін жеткізді. 

«Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесі мүшесі ре­тінде Астана қаласы Білім басқармасы ұйым­дастырған «Қауіпсіздік сағаты» жал­пы ата-аналар жиналысының үнемі спи­керімін. Бұл – әр аптада бір мектепте өт­кі­зілетін шара. Жиыннан ұққанымыз, бұл қасіреттің мектептермен, отбасы­лар­дың қайғысы тым терең. Бұл жиындардан ресми статистикадағыдан әлдеқайда жо­ғары сандар тұрғанын байқадық, себебі біз­ге ата-аналар тәуелді болып қалған ба­лаларына анонимді психологиялық кө­мек сұрағандар тым көбейді. «Неге заң­мен тыйым салынбайды?» деген ашынған ұсыныс-жазбалар көбейді. Нәтижесінде, ата-аналардың үнін мемлекет басшысына жеткізуді петиция арқылы жүзеге асыруды Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі ақылдаса келе жөн көрдік. Бүгінде петицияға қол қойғандар қатары жиырма мыңға жуықтады», – дейді ол. 

Сондай-ақ петиция авторы вейп тек бал­алар үшін емес, ересектер үшін де аса зиян, сондықтан жас ерек­ше­лігі бойынша бөлмей ұлтты тұтас сақ­тауы­м­ыз керегін жеткізді.

«Электронды темекі, вейпке тыйым айналасында қазір таласты пікір көп. ДСМ бұл зиянды заттың ұлт, ұрпақ үшін қан­шалықты зиян екенін дәлелдеп бақса да бір топ вейп лоббисттер «тыйым жұмыс істемейді, контрабанда көбейеді» деген жал­ғыз аргументін алға тартып бағуда. Дегенмен әлемдік тәжірибеде болашағын ой­лаған отыздан астам ел тыйым салғаны белгілі. Ең қиыны – вейп тұтынушылардың ба­сым бөлігі мектеп, колледж оқушыларының болуы. Вейп мар­ке­тингі тікелей мақсатты түрде балаларға ба­ғытталған: түрлі түсті әрленуі, 17 мың­нан астам хош иістендіргіші бар иісі, дү­кен­дерде киндер, чупа чупстармен бірге көз деңгейінде орналастырылуы. Хош иіс­­тендіргіші болғандықтан, иісі бі­лін­бейді, ата-аналар да кеш біліп, «қолдарын мезгілінен кеш сермеуде». Біз ұзақ ой­ла­нып жүргенде балалар мен жасөспірімдер ара­сында күн санап артып бара жатыр. «Тыйым жұмыс істемейді» деп емес, «неге жұ­мыс істемейді, қалай тыйымды тиімді ете­міз?» деп бірге ойлануымыз керек», – дей­ді Баян Ахатай. 

 

Сәнге айналған өнімнің салдары қандай?

Вейптерге тыйым салу шарасын қа­былдаудың қажеттілігі өзекті екені рас. Осы жылы вейперлердің ДНҚ за­қым­дануы туралы зерттеу жарияланған екен. Вейперлер мен қарапайым темекі шегушілердің ДНҚ зақымдану деңгейі темекі шекпейтіндерге қарағанда 2,6 және 2,2 есе жоғары екені анықталды, ал ДНҚ за­қымдануының ауырлығы темекі шегу­дің немесе вейп тұтынудың қарқын­дылы­ғы­на тікелей пропорцио­налды. Ал American Journal of Respiratory and Critical Care Medicine басылымының дерегінше, ға­лым­дар вейперлерге ғана тән, ерекше ауыр дертке evali деген атау берген. Бұл – E-ciga rette and Vaping use-Associated Lung Injury, яғни электронды сигареттер мен вейптерді тартудан туындаған өк­пенің зақымдалуы дегенді білдіреді. Бұл ау­рудың механизмдерін медицина ғы­лымы әзірге толыққанды зерттей алған жоқ. Бір белгілісі, е-сигарет немесе вейп ше­гетін адамдардың өкпелері қабынып, іріп кететіні сонша, симптомдары жағы­нан экзогенді липоидтік пневмонияға, химиялық пневмонитке ұқсайды. Аме­ри­калық сарапшылар Вирджиния Достас­ты­ғы уни­верситетінің темекі өнімдерін зерт­теу орталығының ғалымы Томас Айс­сенберг пен Флорида Халықаралық уни­версите­тінің эпидемиология кафед­ра­сының профессоры Васим Мазиактың айтуынша, аталған ауруға электронды сига­реттегі аэрозольдің майлы ком­по­ненттерінің, ацетат пен тетрагидрока­н­на­би­нолдың өкпе тіндерінің жасушаларында қордалануы себеп болады. Оның бел­гілеріне жөтел, кеуденің қысуы, ауыр ты­ныс алу, жүрек айнуы, құсу, диарея жә­не түрлі респираторлық, конс­ти­ту­цио­налдық, гастроэнтерологиялық бұзылу жа­тады. 

ДДҰ мәліметтері бойынша, вейпті пайдаланатындар, тіпті оны жай тартып көр­ген болса да, нәтижесінде, кәдімгі те­ме­кіні екі есе артық шегеді. Вейп шегу өк­пе жасушаларына теріс әсер етеді, жас­тар арасында тыныс алу жолдары ауру­ларының жиілеуіне әкеледі және пара­донтозбен ауыру қаупін арттырады.

Сонымен қатар Қазақстанда тыныс алу мүшелері ауруларынан болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесі ауруларынан кейін екінші орында тұр. Денсаулық сақ­тау министрлігінің өкілі атап өткендей, бү­гінде 300 мыңға жуық қазақстандық ты­ныс алу жолдары ауруларымен есеп­ке алынған.

«Электронды темекі немесе вейп, элек­тронды тасымалдағыш түрінде, мун­дштук, батарея және қыздырушы бөл­шек­тен, арнайы толтырғыш сұйық­тық­тан тұ­ра­тын атомайзерден құралған. Сұйық­тық хош иістендіргіш қосындылардан және никотиннен тұрады, жеке түрде кан­набиноид құрамына кіретін, тетра­гид­ро­каннабинолдан жасалған. Бұл қондыр­ғылар глицерин және пропиленгликоль негізіндегі сұйықтықты қыздырады, со­дан темекінің түтіні емес бу пайда болады. Бұл заттар өкпенің ішіне тұнып тұрып, фиброзға әкеледі. Оны неғұрлым көп тартса, соғұрлым ол тыныс алу жолына кері әсерін тигізеді. Басқаша айтқанда, «өк­пе дағы» туындайды», – дейді маман­дар. 

Сонымен қатар мамандардың ай­туынша, электронды темекі қара­пайым темекіден анағұрлым зиян әрі қауіпті, себебі мұнда никотин буланып, ауыз қуысының шырышты қабатын күй­діреді, бұл онкологиялық ауруларға әке­леді, тыныс алу жүйесін зақымдайды, бас миы тамырларының атеросклерозына апа­ра­ды, себебі, оны тартқан кезде нико­тин қанға өте жылдам енеді. Содан барып, бүй­рек безімен адреналин шығып, арте­риалдық қан қысымы жоғарылап, жүрек ырғағы қысқарады. Бұл жүрекке қатты жүк­теме түсіріп, соның салдарынан жү­рек-қантамыр аурушаңдығы дами түседі. Адам ұйқысы нашарлап, тез ашуланады және назар аудару қабілеті төмен түседі.

 

Статистиканың да айтары бар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанның балалары мен жасөс­пірім­дерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» атты зерт­теу жүргізген болатын. Қорытындысында республикадағы 11-15 жастағы балалар ара­сында ұлдардың 14 пайызы және қыз­дардың 6 пайызы вейп қолданып жүргені анық­талған. Оның жартысынан көбі тұ­рақ­ты түрде тұтынады. Электронды сига­рет бойынша 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш ұлдар арасында үш есе, қыздар ара­сында екі есе өсіп отыр. 2022 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижелері 2018 жылғы деректермен салыстырғанда одан да көп ұл мен қыз вейптерді тұтына бас­тағанын көрсетті, оның ішінде өмір бойы қолдану 3,6%-ға, соңғы 30 күнде пайда­лану 2,7%-ға өскен. Әсіресе, өсімнің екі есеге артуы 13-15 жас аралығындағы ба­ла­­­лар арасында байқалады. Бұл 1 млн ба­ланың вейпті қолданып көргенін көр­сетеді.

Қазақстанда тұтынудың электронды жүйелерінің сұйықтықтарында никотин мөлшерінің рұқсат етілген шекті деңгейі 1 мг/ см3, алайда Санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау комитетінің зерт­теу нәтижелері бойынша никотин мөл­шері 67,6 мг/см3 құрап, рұқсат етілген дең­­гейден ондаған есе асып кеткені анық­­талды.

Ал Қазақстан тұтынушылар лигасы­ның ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы бір­ден 372 пайызға өсіпті. Елімізде вейп сата­тын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, никотинді, хош иістендіргіш­терді және оларға арналған сұйықтық­тар­ды тұтынудың электронды жүйелерінің (ТЭЖ), вейптің нарығы Қазақстанда 2020 жыл­дан бері 300 есеге жуық артқан. Мұн­дай өсім елдегі бірде-бір нарықта жоқ. Мы­салы, 2020 жылы елге 21 608 дана эле­к­трон­ды темекі импортталыпты. 2022 жылы бұл импорт 6,3 миллион болған.

Сонымен қатар қазір вейп және хош иісті сұйықтықтар нарығы заң­­­­наманың кемшіліктері мен веп-ин­дуст­рияның маркетингтік стра­тегиясына бай­­ланысты реттелмей келеді. 2022 жыл­дың қазан айына дейін вейптер Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенк­ла­турасы (СЭҚ ТН) 8543 «Осы топтың басқа же­рінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр маши­на­лары мен аппаратуралар» коды бойынша акциздік баж төлемей әкелінді. Осы код бойынша 2020-2022 жылдары аралығында елімізге 3 млн-ға жуық вейп импортталған. Мәселен, 22 мамырда ҰҚК шекара­шы­ла­ры Қытаймен шекарадағы «Достық» БӨП-те Мемлекеттік кірістер депар­та­мен­тінің қызметкерлерімен бірлесіп, ілес­пе құжаттарсыз электронды темекінің ірі партиясын кіргізуге тырысқан Қазақ­стан­ның үш азаматын ұстағаны белгілі болды. Тәркіленген тауар­дың алдын ала құ­ны – 2,4 млрд теңге. Ұсталғандар мен жүк көлігі әрі қарайғы тексеру үшін ҚМ Эко­номикалық тергеу департаментінің ау­мақтық бөлімшесіне берілді. Мұндай жағ­дайлар аз емес.

 

Түйін:

Шынында, вейптер мен никотинді тұтынудың электронды жүйелері барлық дерлік сауда, ойын-сауық орталығында әрі көрнекті жерде сатылады. Оған жеке дүңгіршектер, тұғырлар арналған. Мысалы, заң бойынша темекі атаулы жабық перденің астында жасырулы саудалануға тиіс, яғни клиент арнайы сұраса ғана сатушы соны ашып, алып беруі шарт. Олар бұл талапты

сақтамайды. ДДҰ мәліметтері бойынша, 33 ел вейптерді сатуға тыйым салған. Олардың ішінде Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Тайланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Катар, Оман, Иордания сынды мемлекеттер бар. Ал 79 ел бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салған. Енді біздің елімізде де осындай шара қабылданса, ұлт денсаулығына қатысты маңызды шешім болмақ. Ұлт болашағын ойласақ, ұрпақ денсаулығын да естен шығармаған жөн.

 

Наурызбек САРША