Мәселен, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирургтары жасайтын күрделі оталарды ғана емес, ойлап тапқан ғылыми жаңалықтарының өзін әлем мойындап үлгерді. Жақында осы орталықтың реконструктивті хирургия секторының басшысы, аға ординатор Бауыржан Әнәпияның ғылыми зерттеу жұмысы шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Ерекше таңғыш пен микрохирургиядағы жетістіктері туралы дәрігердің өзінен сұрап-білу үшін аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Бауыржан Бегалыұлы, әңгімемізді орталықтағы сектор жұмысының міндетіне не кіретінінен бастасақ...
– Біздің сектордың құрылғанына биыл үш жыл толады. Оның құрылуына негіз болған Ұлттық ғылыми жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының комбустиология бөлімшесі десек дұрыс шығар. Марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиевтің бастамасымен іске асқан сектордың жұмысын шәкірті ретінде қазір мен жалғастырып келемін. Біздің міндетімізге реконструктивті операцияларды жасау кіреді. Оған пластикалық операциялардың барлық түрлері жатады. Мәселен, жарақаттан кейін пайда болған немесе онкологиялық аурулар, туабітті ақауларға ота жасаймыз. Айталық, бауыр немесе бүйрек, ми, кеуде қуысына ота жасайтын хирургтар өз саласына қатысты бөлінеді. Ал біз нақты бір аумақпен шектелмейміз. Адам денесіндегі іш құрылыстан басқа барлық мүшеге ота жасауға тура келеді. Одан бөлек, әртүрлі отадан кейін ішкі және сыртқы мүшелерді қайта қалпына келтіру жұмысын жүргіземіз. Кейде күрделі отадан кейін мүшенің бір бөлігін алып тастауға тура келетін сәттер болады. Сондай кезде мүмкіндігінше ол жердегі мүшені қайтадан жалғап береміз. Қол мен аяққа, тері мен бұлшықеттерге, тамырларға да операция жасаймыз.
Былтырдан бастап осы оталарға қосымша микрохирургия жұмысын жандандыра бастадық. Бұл дегеніміз – мүшені немесе тіндерді, тіндердің жиынтығын алып басқа жерге жалғау. Медицинада ол «микрохирургиялық әдіспен ота жасау» деп аталады. Соның ішінде ең көп таралған микрохирургиялық әдіске онкологиядан кейінгі алынған мүшелерді қалпына келтіру кіреді. Мысалы, адамның бет жақ сүйектерінің бір бөлігін алып тастайтын болса, осы бет жақ сүйектерін адамның өз денесіндегі басқа сүйектерден алып жаңадан мүше өсіріп шығарамыз. Одан басқа биылдан бастап супермикрохирургиялық операцияларды бастадық. Кейбір адамдарда аяқ-қолдарының көлемі үлкейіп кетеді. Осындай науқастарды супермикрохирургиялық операция әдісімен емдеуге болады. Қысқаша айтқанда аяқ-қолдың көлемін қалыпқа келтіруге арналған операция. Сондай-ақ күйіктерден кейін пайда болған тыртықтарды қалпына келтіру де біздің жұмысымыз. Қажет болған жағдайда эстетикалық пластикалық операцияларды да атқаруға тура келеді. Оның көп таралған түрлеріне туабітті ақаулар жатады. Мысалы, кейбір адамдардың туғаннан құлағы жоқ делік, болмаса есту қабілеті жақсы, бірақ құлағы майысып тесігін бітеп тұрады. Осындай науқастардың барлығына ота жасап, қолдан келген көмегімізді береміз.
– Жақында халықаралық медициналық форумда ғылыми жаңалығыңыз үшін дипломмен марапатталдыңыз. Бұл қандай ғылыми жаңалық?
– Ғылыми жаңалықты ұстазымның ұстазы бастап беріп кеткен. Лабораторияда өсірілген арнайы бағаналы жасушалар созылмалы немесе трофикалық жараларды емдеуде таптырмас дүние екенін зерттедік. Бұл – ірі қара малдың іш астарынан жасалған арнайы биологиялық уақытша жабынды немесе жараларды жабатын таңғыш. Жабындыны науқастың жарасына таңып белгілі бір уақыттан кейін алып тастауға болады. Осы арқылы адамның терісін бір-бірімен табиғи жолмен жалғануына мүмкіндік бере аламыз. Коллаген мен эластиннің табиғи талшықтары адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие. Іріңді жарақат, созылмалы жара немесе күйікпен келген адамның терісін бірден жалғауға болмайды. Терінің ағзамен қабылданбау мәселесі пайда болуы мүмкін. Сондықтан алдымен осындай уақытша таңғышты жараның үстіне жабын ретінде қою керек. Одан кейін ғана адамның өз терісінен алып жараның орнына жалғауға болады. Соның ішінде ойық және созылмалы, көп жылдан бері келе жатқан іріңді жараларға да осы әдісті қолдану қажет. Өйткені алдымен жараның іріңі залалсызданып, аузы жиналу керек. Мұндай таңғыш 20 күнге дейін тұрады немесе адамның денесіне сіңіп кетуі де мүмкін. Содан кейін ғана науқастың жарасына тері трансплантталады. Негізі бұл идеяның авторы – ұстазым, марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев.
– Әлемде мұндай ғылыми жаңалықтың қолданысқа енгізілген балама нұсқалары бар ма?
– Дәл осындай болмаса да, басқа аналогтары бар. Әлемдік әдісті біздің елде қолдануға мүмкіншілік жоқ. Сондықтан отандық ғалымдар осындай таңғышты ойлап таптық. Басында пилоттық жоба 60-70 жылдары Қарағанды медициналық университетінде басталған. Жаңа айтқандай, ұстазымның ұстазы бастаған ғылыми жұмыс еді. Сол кісі ең бірінші сиырдың іш астарын күйік жараларға қоюды бастайды. 2000 жылдары ұстазым Қабылбек Әбуғалиев зерттеу жұмысын ары қарай жалғастырады. Бірнеше елдің тәжірибесін зерттеп сиырдың ішкі астарынан алынған жасушаға ғалымдар тобымен бірге жұмыс жүргізген. Кейін ұстазымның пилоттық жобасына клиникалық зерттеулер жүргіздім. 2021 жылдан бастап жабынның медицинадағы пайдасына көз жеткізу мақсатында адамдарға сынап көрдік. Шетелдік журналдарға зерттеу жұмыстарым бойынша ғылыми мақала әзірледік. Келесі айда осы жұмыс бойынша докторлық диссертациямды қорғаймын. Қағаз жұмыстары аяқталса, 1-2 жылдың ішінде жабындар нарыққа шығады. Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілген соң кең қолданысқа шығуы мүмкін.
– Зерттеу тәжірибесі қалай жүргізілді?
– Ғылыми жұмыс үш түрлі кезеңнен өткізіледі. 2013 жылы зерттеу жұмысын жануарларға сынап көрдік. Кейін сау адамдардың үстіне салып көрдік. Өйткені қарсы көрсетілімдері толық тексеруден өтуі тиіс. Үшінші кезеңде ауырған адамдарға істеледі. Зерттеу жұмыстары бекітілген халықаралық стандарттарға сай өтті. Адамдардан арнайы ақпараттық келісім алынып, сақтандырылуы қамтамасыз етілді. Егер науқас келісімін берсе ғана жабынды қоя аламыз. 2021 жылы ғылыми жұмысымыз толық зерттеліп біткеннен кейін құзырлы орындарға жіберілді.
– Шетелдегі балама түрлерін қолданысқа енгізуде қандай қиындықтар бар?
– Шетелде шошқа мен адамның терісінен жасалған таңғыштарды қолдану кеңінен таралған. Ал біздің қоғамда діни наным-сенімге байланысты осы екі әдісті де қолдануға мүмкіндік жоқ. Адамның терісінен жасалатын жабындының сапасы жақсы. Бірақ бізде тағы да сол мәйіттік трансплантация дамымаған. Қазір теріге мұқтаж жандар да бар. Бізде өзіңіз білесіз, қоғамдағы қатып қалған түсінік бойынша адам мүшесі мен терісіне қол тигізуге болмайды. Әйтпегенде адам терісінен трансплантацияны жасау қолымыздан келеді. Шын мәнінде көбісі адамның терісін алуды теріні қызыл етінен ажыратып алу деп ойлайды. Алайда терінің сыртқы жұқа қабатын ғана аламыз. Арнайы аппаратпен теп-тегіс біркелкі етіп 1 мм жетпейтін жұқа терісі сылынып алынады. Мысалы, пиязды аршығанда жұп-жұқа кленка секілді қабаты болады ғой. Сол секілді терісін ғана пайдаға жаратамыз. Бізде бұған рұқсат бар. Алайда адамдардың түсінігі басқа. Қазіргі медицинаның мүмкіндігі мол. Биотехнологияның арқасында теріні алып, оның орнына жап-жаңа теріні өсіріп шығуға болады. Бірақ бұл өте қымбат әрі ұзақ уақытты алады. Бүгінде биотехнологияның көмегімен бір тілім теріні алып, оның орнына 2-3 айда жаңа теріні өсіріп береді.
Сонымен бірге біздің секторда аса күрделі біріктірілген оталардың бірнеше түрі жасалады. Жарты жыл бұрын бір науқастың сыртқы жыныс мүшелері жарақат барысында жұлынып түскен. Сол кісіге ота жасалды. Жаңадан жыныс мүшелерін жалғадық. Науқастың басқа мүшесінен тері мен сүйегі алынып жаңасын өсірдік.
Жыныс мүшесін ауыстыру операцияларын жасай аламыз. Біздің хирургтардың біліктілігі жоғары, техникалық мүмкіндігіміз де бар. Бұрын мұндай адамдар есі дұрыс емес адам ретінде қарастырылатын. Бұл үрдісті насихаттап тұрған жоқпыз. Тек қазіргі медицинаның мүмкіндігін тәжірибеде толық пайдалана алатынымызды айтқым келеді. Айталық, хирург адамға ота жасайды. Ал пластикалық хирургтар адамдарды емдейді дегеннен гөрі адамдардың өзін-өзі адам ретінде қабылдауына мүмкіндік береді деген дұрыс секілді. Күйікпен келген науқастың денсаулығы жақсы. Тамақ ішеді, жүре алады, көзі көреді, мұрны иіс сезеді, құлағы естиді. Бірақ бетіндегі тыртықтары біздің қоғамға кіруіне, араласып кетуіне кедергі болатын секілді сезінеді. Біз сол адамның ортасына сіңісіп кетуіне, өзін-өзі толыққанды адам ретінде қабылдауына көмектесеміз. Тек сыртқы келбетіндегі кінәраты үшін өмір бойы өзін-өзі қорсынуына болмайды. Бізде бір науқастың жыныс мүшесі болмады. Кіші дәретке басқалар секілді отыра алмағандықтан қоғамдық моншаға баруға ұялады екен. Әрине, ол өзін осындай жағдайда төмен санайды. Күйзеліске түседі. Біз оларға көмектесуіміз керек. Мысалы, қазір әйелдер эстетикалық оталарға көп жүгінеді. Біз олардың да бет-әлпетіне өздері қалағандай ота жасай аламыз. Қазір екі әйелдің бірі көзін үлкейтіп, ернін көлемді етуге, болмаса төсін үлкейтуге, бет әлпетін жасартуға жиі жүгінеді. Оның барлығы адамның ішкі психологиялық кедергілерінен пайда болады.
Тағы бірде мұрнын ит тістеп алған науқасымыз болды. Жарты мұрны жоқ болғанымен сау адам. Тек мұрнының бөлігі жоқ. Сыртқы келбеті үшін ортаға шыққанды қаламайды, адамдармен араласқанды ұнатпайды. Қалыпты әлеуметтік ортада адамдармен қарым-қатынас орнатудан қашқақтайды. Бар себебі – сыртқы келбетіндегі келеңсіздік. Себебі, біздің ортада адамдардың бет-әлпетіндегі кемістікке таңырқау, саусағын шошайтып көрсету қалыпты дүние секілді. Сол адамға мұрын жасап бердік. Қазір ондай науқастар өте көп. Көмей обырынан кейін науқас өзі тамақ іше алмайды, дауыстары шықпайды. Сондай науқастарға әлемдік тәжірибе бойынша ішектің бір бөлігін алып операция жасауға болады. Бірақ бізде ондай науқас болған жоқ. Біздің тағы бір енгізгіміз келіп жүрген отаның бірі – осы. Егер осындай науқастар болса, МӘМС арқылы ота жасап беруге әзірміз.
Әлемдік практикада қолданылатын бетті транспланттау отасын жасауға болады. Бірақ бізде кім өзінің бетін туысқанына береді? Бағана айтып өткендей, піл ауруларына да отаның барлық түрін жасаймыз.
– Эстетикалық ота жасатамын деп опық жеп жататындар бар. Олардың жарақатын емдей аласыздар ма?
– Басқа біреудің жұмысына баға беруден аулақпын. Бірақ біздің алдымызға келетін науқастардың арасында опық жеп келіп жататындар бар. Негізі эстетикалық хирургияға ағзасы сау адамдар келеді. Ағзасы сау болғанымен, психологиялық тұрғыда мәселе бар. Жекеменшік орталықтағы хирургтар өз ісіне жүрдім-бардым қарады деп айта алмаймын. Біздің олардан бір ерекшелігіміз, олар тек сау адамның келбетін өзгертіп берсе, біз жаралар мен тыртықтарды, соның ішінде эстетикалық отадан кейін қалған түрлі жарақаттар мен тыртықтарды қалпына келтірумен айналысамыз. Түсінікті тілмен айтқанда, пластикалық хирургияның екі бағыты бар. Бірі – эстетикалық, яғни оған блефаропластика, лабиопластика, жасару, омыраудың көлемін үлкейту, пішінін өзгерту секілді ота кіреді. Өздерін әдемі көргісі келетін сау адамдарға жасалатын операциялар. Біздің реконструкциялық ота – науқас адамдарға жасалатын ота. Мысалы, блефаропластика жасатты делік. Тыртық қалып қойды. Оны қалпына келтіру керек. Сау көзді емес, көзінде кемістігі бар науқас келеді. Көзі жұмылмай қалған, не болмаса ерні қисайған науқастар. Бір науқасымызда көз асты ісігі болды. Біз оның көзіндегі астыңғы терісін түгел алып тастап, жаңа тері салдық. Осы жағынан алғанда өзіміздің жұмысымызды жоғары деп бағалауға болатын шығар.
Онкологиялық аурулармен келетін науқастар өте көп. Ісік адамның бүкіл ағзасы мен мүшесінде болады. Тек қана шашта болмайды. Біз осы адамда кездесетін ішкі құрылысынан бөлек барлық онкологиялық ауруларға ота жасаймыз. Мысалы, құлақтың сыртқы жағында ісік болса, біз ол құлақты түгел кесіп алып қайта құлақ өсіріп шығарамыз. Мысалы, 10 жыл бұрын құлағын кесіп тастаған науқас келсе, біз ол адамға жарты жылда жаңа құлақ жасаймыз. Себебі, жаңа құлақтың өсуіне жарты жыл уақыт керек. Тілі жоқ адамға жаңадан тіл өсіріп шығарамыз. Жағы жоқ адамға жақ саламыз. Әйел адам онкологиялық аурудан кейін омырауын кестіріп тастаған болса, тіпті ол 10-15 жыл, 30 жыл бұрынғы жағдайдан кейін де біз оған жаңа омырау жасап шығаруға болады. Адамның қолындағы барлық саусағы кесіліп қалған болса, аяғының бақайларынан алып қолына екі саусағын жалғап бере аламыз. Бұл адамның екі саусақпен қолына тамақ алып ішуіне мүмкіндік береді. Бағана айтқанымдай, жыныс мүшелерін ауыстырудан бөлек, кейбір ер адамдарда әртүрлі жарақаттан кейін жыныс мүшесін кесіп тастайтын жағдайлар болады. Біз осындай адамдарға жаңа мүше өсіріп береміз. Бізде дәл сондай науқас болды. Ауыр жарақаттан кейін мүшесін алып тастаған. Біз оған жаңасын салып бердік. Тағы бір науқастың жыныс мүшесі инфекциядан кейін өз-өзінен шіріп түсіп қалған. Біз сол науқасқа да жаңа мүше өсіріп жатырмыз. Біздің қиялымыз мен тәжірибеміз қай тұсқа келеді, сол жерге дейін микрохирургиялық оталарды жасауға қабілетіміз бар.
Бірде бізге бір науқас әйел келді. Қасын түгел өртеп алған екен. Беті-әлпетінің барлығы тегіс, тек қана қасы жоқ. Ол бізге қас өсіріп беруімізді өтінді. Оның өтінішін орындай алмадық. Өйткені, құлақ өсіріп шығарамыз, бірақ қасты өсіру қолдан келмейді. Бұл біздің жұмысымыз емес. Алайда 6 жыл бұрын электротравма алған бір науқасымыздың басындағы бір уыс терісі жоқ болды. Біз оған жаңа тері жасап беру арқылы шашын өсіріп бердік. Тілде де ісік болады. Мұндай жағдайда онкологиядағы ең күрделі жерде орналасқан ауыр біріктірілген отаны жасауға тура келеді. Жаңа тілді науқастың білегінен алып, мойын тамырларына жалғап жасаймыз. Өз тіліндей болмаса да, адамның ойындағысын айтып жеткізуге мүмкіндігі бар. Туабітті немесе күйіктен, жарақаттан кейін бір-бірімен жабысып қалған саусақтарды ажыратамыз. Таңдайы жоқ адамдарға да таңдай жасау – кәсіби жұмысымыз.
– Сіздерді бір сөзбен «медицинадағы сиқыршы маман» деп атай берсек те болады екен. Сөз реті келгенде, микрохирургиядағы жетістіктеріңіз туралы айта отырсаңыз...
– Зақымдалған мүшелер мен тіндердің сипатына байланысты микроскоптарды қолдануды талап етуі мүмкін ота болады. Өйткені операция кезінде зақымдалмау үшін максималды дәлдікке қол жеткізу қажет. Дәл осы жерде микрохирургиялық әдіс қолданылады. Бұл хирургиялық процедуралардың жиынтығы, онда медициналық топ микроскоптарды немесе үлкейткіш линзаларды қолданып, нәзік мүшелер мен тіндерді қалпына келтіру кезінде мүмкіндігінше дәл жұмыс жасайды. Мысалы, сүт бездерін қалпына келтірген кезде, піл ауруларына (аяқ-қолдың үлкейіп кетуі) микрохирургиялық тәсілмен ота жасалады. Урология бойынша да жыныс мүшелерін ұзартып, қысқартқысы келетін немесе өздігінен кіші дәретке бара алмайтын адамдар бар. Каналдың бітеліп қалу жағдайында көмектесуге тура келеді. Оған отаның әртүрлі тәсілін қолдануға болады. Соның ішінде микрохирургиялық отамен де жасалады. Ұрықтық сұйықтықтарды шығаратын каналдар бітеліп қалса, қайта қалпына келтіру отасын қолданамыз. Бұл сектордың тиімділігі сол, барлық салаларда жасалатын оталарды бірлесіп жүргіземіз. Сондықтан микрохирургиялық операциялар ғылыми орталықтарда жасалады. Себебі, микроскоптың өзі 500 млн теңгенің маңайында тұрады. Ондай құрылғыны алуға кез келген медициналық ұйымның мүмкіншілігі жоқ. Екіншіден, мұндай оталар көбінесе созылмалы болып келеді. Мәселен, біз жасайтын оталардың уақыт ұзақтығы 13-14 сағатқа созылады. Осынша сағат микроскопқа тесіліп отыру керек болады. Шыдамдылық – ең басты ұстанымымыз. Сондықтан бұл мамандықты таңдағысы келетіндердің қарасы аз.
– Жыл сайын оқуын аяқтайтын 7 мың медицина маманының арасында микрохиургияға қызығушылық танытатындар жоқ па?
– Көбісі пластикалық хирург ретінде жеке ақша табу үшін жекеменшік орталықтарға барғанды құп көреді. Науқасқа көмектесуді ар-ожданы деп білетін маман ғана микрохирургияның мүмкіншілігін түсінеді деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ